• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Ақпан, 2016

Қиындыққа қалдырмау қадамы

317 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында бүгінгі ел тынысы жан-жақты сараланды. Елбасы қазіргі алмағайып кезеңнің келбетін дөп басып, қоғамдағы көптеген көкейкесті мәселелерге тоқталды. Президенттің парасатты пайымдары әрдайым көңілімізден шығып келеді. «Нұр Отан» партиясының XVII съезінде Елбасы Кеңес Одағындағы валютаның долларға шаққандағы қымбаттығы туралы жақсы айтқан еді. Үкімет отырысында да валюта тұрақтылығы банк басшыларымен бірге талқыға түсті. Мен кеңестік кезеңде ұзақ жылдар бойы партия қызметінде болдым. Шынында, тауарлардың қат болуы кеңестік экономиканың тұйықтығынан туған таныс жағдай еді. Бүгінде іздеген затыңызды табуға болады. Қазақстан нарықтық экономиканы сәтті еңсере білді. Еңбек етсеңіз, қалаған дүниеге қол жеткізесіз. Елбасының түйінді байламдары қазіргідей дағдарыс сәтінде еліміздегі игіліктерді бағалауға жетелейді. Мемлекетімізде халықтың әл-ауқатын жақсартуға, кәсіпкерлерді қолдауға негізделген саясат жүзеге асырылуда. Мәселен, Үкімет отырысында «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында тұрғын үй алаңын көбейту, инфрақұрылымдарды жаңарту сөз болды. Әлем елдері қиын жағдайда қалған кезеңде зейнетақының, әлеуметтік төлемдердің өсіп жатқанын білеміз. Мақаншы ауылдық округінде 1,5 мың зейнеткер тұрады. Барша отандастарымызбен бірге біздің ардагерлер де биылғы зейнетақы көлемінің көбеюін қуанышпен қабылдады. Ауылдық мәдениет үйіндегі ардагерлер бөлмесінде зейнеткерлер бас қосып, әңгіме-дүкен құрып, дойбы, шахмат ойнайды. Жуырда жерлес кәсіпкер Совет Шөшеков 2 миллион теңге жеке қаржысына көпшілік жиналатын осы орынды қажетті заттармен жабдықтап берді. Жалпы, ауылдың қоғамдық өмірінде ардагерлердің алатын орны зор. Біз, тұрақтылық пен бейбіт тұрмыстың қадірін әр кез жас буынға айтып отырамыз. Үкімет отырысында көтерілген мәселелер де Қазақстанды қиындыққа қалдырмау жолындағы қажырлы қадамның бірі деп білеміз. Жұмағазы ЖАҚАНБАЕВ, Мақаншы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Шығыс Қазақстан облысы.