Әлемді қаржылық тұрақсыздық жайлаған бүгінгідей қиын кезеңде тұрмыстың тұрақты болуы экономиканың барлық салаларын, шағын және орта бизнесті қолдау, халықтың жұмыспен қамтылуына баса назар аудару шараларын тиімділікпен жүзеге асыруға көп байланысты. Бұл жөнінде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы қадап айтып, дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары шеңберінде бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл талаптардың қай-қайсысы болсын экономикалық өсімді қамтамасыз етуді, жаңа жұмыс орындарын құруды, «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламаларын орындауды діттейді. Маған Нұрсұлтан Әбішұлының: «Біз индустриялық нысандар салуды жалғастырып, жаңа нарықтарға жол ашып отырмыз. Дағдарысқа қарсы біздің экономикалық саясатымыз тек экономикалық өсімнің жаңа жолдарын іздеу мен табуға ғана бағыттталып отырған жоқ. Менің тапсырмаларымның бәрінің түп мақсаты – қарапайым адамның мұң-мұқтажы, оның әл-ауқаты мен тұрмысының тұрақтылығы», деген сөздері үлкен ой салды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Мемлекет басшысының қатысуымен іргетасы қаланып, ашылған, бұл күндері отандық өнімдермен 14 алыс-жақын шетелге танылып отырған бірегей кәсіпорын – «Сұлтан -ЭДМК» АҚ-тың алғашқы аяқ алысы есіме түсті. Қазақстан бойынша алғашқы инвестициялық жобаны түріктің «Окан Холдинг Исот» фирмасы осылайша құйған еді. Бүгінде кешеннің құрамына сыйымдылығы 93 мың тоннаны құрайтын элеватор, қатты және жұмсақ бидайдан жоғары және 1-ші, 2-ші сұрыпты нан пісіруге және макарон шығаруға арналған ұн үгетін 2 диірмен, швейцариялық «Buhler» фирмасының технологиясы желісімен жұмыс істейтін заманауи жабдықтар кіреді. Ширек ғасырға жуық уақыт бедерінде барлық өндірісті қайта құру және жаңғырту, технологиялық процестерді жетілдіру, техникалық жағынан қайта жарақтандыру үзбей жүргізіліп келеді. Тәуліктік қуаттылығы 200 тоннаны құрайтын №2 диірмен, макарон өнімдерін шығаратын 4-ші желі іске қосылды, №1 диірмен мен қысқа кесінділі макарон бұйымдарын өндіретін №1 желіге күрделі жөндеу жүргізіліп, негізгі құрылғылар жаңартылды. Қазіргі уақытта қуатты элеватор жылына 100-120 мың тонна астық қабылдап, кептіреді, өңдейді, салқындатады және сақтайды. Кешеннің жоғары сұрыпты бидай ұны мен макарон өнімдері «WorldFoodKazakhstan – 2013» халықаралық жәрмеңкесінде жоғары сапалылығы үшін «Азық-түлік тағамдары» аталымында «Алтын медаль» мен І орынға ие болды. Кәсіпорын «Парыз – 2015» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» облыстық байқауының «СҚО экологиясына қосқан үлесі үшін» аталымы бойынша жеңіс биігінен көрінді. Үш ауысымда жұмыс істейтін 350 адамға жақсы жабдықталған асхана мен медициналық қосын қызмет көрсетеді.
Қазақстан Президенті әлеуметтік саясаттың басым міндеті жұмыс орындарын сақтап, жаңа жұмыс орындарын ашу болып саналатындығына үлкен назар аударды. Осыған байланысты биыл Үкіметтің арнаулы резервінен қосымша 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлуге тапсырма берді. Көптеген елдер әлеуметтік кірістерін қысқартуға, жобаларын тоқтатуға мәжбүр болса, қазақстандықтар жаңашылдық, алға ұмтылушылық, істің көзін таба білушілік қасиеттері арқасында дағдарысты еңсеріп келеді.
Идрис КАРТАЛ,
«Сұлтан» элеватор-диірмен макарон кешені»» АҚ бас директоры.
Солтүстік Қазақстан облысы.