• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
13 Ақпан, 2016

Ауылдастарымның қиналуына жол бермеймін

255 рет
көрсетілді

Әлемдегі қаржы дағ­да­рысына байланыс­ты оқи­ғаларды қарап оты­рып, біздің еліміз­дегі тыныштыққа, халық­тың тұрмысының тұрақ­тылығына шүкіршілік етеміз. Бұған әрине, Елбасының дағдарысқа қарсы іс-ша­ра­ларды ерте бастан қолға алып, Үкіметке нақты бағ­дарламамен жұмыс жасауды тапсыруы­ның өзіндік септігі тиіп отырғаны даусыз. Бұл сәрсенбі күнгі Елбасы қатысқан жиналыста кезекті көрінісін тапты. Өзім негізін қалаған «Дастан» шаруа қожалығы 2002 жылы құрылды. Содан бері Махамбет ауданында төрт түлікті өз төлінен көбейтіп қана қоймай, тұқымын да асылдандыру ісін қолға алдық. Әуелі Батыс Қазақстан облысында асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтан өзімізге қажетті малды сатып алғанбыз. Кейін оның тұқымын асылдандыруды да қат-қабат жүргізе бастадық. Қазір біздің шаруашылығымызда қой мен сиырдың асыл тұқымды тобы қалыптасты. Сонымен бірге, өңір тұрғындарына сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсыну үшін бақша және көкөніс дақылдарын өсірудің қыр-сырын меңгердік. Жаз бойы тамшылатып суару арқылы өсірілген қырыққабат, қауын мен қарбыз, қызанақ секілді өнімдерді тұтынушыға ұсынып келеміз. Рас, бұрын Махамбет ауда­нының Ақжайық ауылдық округі аумағында өсірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін Атырау қаласына дейін жет­кізудің қиындығын көретін едік. Өйткені, Жайық өзенінің біздің округ орналасқан жа­ғынан Атырау қаласына дейін қатынайтын күре жол бірнеше жыл бойы жөндеу көрмей, әбден ойдым-ойдым шұңқырға айналған-ды. Сол себептен өсірген өнімімізді Жайықтың келесі бетіне қалтылдаған қайық­пен өткізіп, Орал – Атырау жолымен жеткізіп жүрдік. Бұл бізге үлкен қиындық тудырды. Біріншіден, Жайық өзені үстінен қайықпен өту қауіпті болса, екіншіден, біраз уақытымызды текке жоғалтушы едік. Соңғы жылдары Елбасының тапсырмасымен Индер – Атырау бағытындағы сол жолға күрделі жөн­деу жүргізіліп, сол бір қиындықтан құтылдық. Қазір шаруашылығымыздың тір­лігі түзелді. Мемлекеттің тарапынан алатын субсидиямыз да бар. Енді қолға алған ісімізді кеңейтудің де жобасын іске асыруға кірістік. Сөйтіп, мал бордақылау кешенін тұрғызудың қамындамыз. Мұнда мал сойылады, мал еті өңделеді. Көкөніс және бақша өнімдерін сақтайтын қойманы да іске қосамыз. Бұл күндері біздің шаруашылығымызда өзім өсіп-өнген округімнен 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Олардың тұрмысын түзеуіне де қолдауымызды көрсеттік. Шаруашылығымыздың құрылғанына 10 жыл толуына орай үздіксіз 10 жыл жұмыс жасаған ауылдастарыма көлік сыйладық. Кейбіріне тұрғын үйлер салып бердік. Енді биылғы жылдың аяғына таман мал бордақылау кешені іске қосылғанда тағы да 50-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтуды көздеп отырмыз. Бұдан бөлек бізде әр жыл сайын көктем және жаз айларында көкөніс пен бақша дақылдарын өсіруге байланысты қосымша 30-ға жуық адамды науқандық жұмыстармен қамтимыз. Біздің Ақжайық округінде де тұрмысы төмен отбасылары, зейнеткерлер тұрады. Оларға тұрмысына қажетті азық-түлікпен, кейбіріне жем-шөппен көмектесіп тұрамыз. Өйткені, біздің де кіндік қанымыз сол ауылда тамды, сол топырақта өстік. Сол округте шаруашылығымызды өркендетіп, табыс тауып отырмыз. Біз өзімізді сол ауылдың тұрғындарынан ешқашан бөлектеген жоқпыз. Өзімізде жұмыс істейтін адамдардың, жалпы, алдағы уақытта ауылдастарымыздың тұрмысы төмендемеуі үшін барлық мүмкіндікті қарастыра береміз. Бұл түптеп келгенде, елдің әлеуметтік ахуалын жақсартуға қосатын үлесіміз бола береді. Қоныс ЕРМАНОВ, «Дастан» шаруа қожалығының құрылтайшысы, «Құрмет» орденінің иегері. Атырау облысы.