• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
13 Ақпан, 2016

Экономикалық әлеует күшейтіледі

604 рет
көрсетілді

Қазір серпінді істер уақыты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің жуырдағы кеңейтілген отырысында дағдарыстың қандай жағдайында болмасын қарқынды төмендетпей, қайтарымның еселене түсуін талап етті. Бұл орайда, Көкшетау қаласының экономикалық әлеуеті артып отырғанын айтқым келеді. Мысалы, өткен жылы экономиканың нақтылы секторында өнеркәсіп кәсіпорындары 79,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Ал индустрияландыру картасы бойынша 2,8 миллиард теңгенің екі жобасы жүзеге асып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Бізде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 1 миллиард 135 миллион теңгенің 61 жобасы мақұлданып, төрт инвестициялық жоба жұмысын бастады. Негізгі капиталға салынған инвестиция 27,9 миллиард теңгені құрады. Бұл осының алдындағы жылға қарағанда едәуір артық. Құрылыс саласында да жұмыс жанданды. Облыс орталығында 124,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, «Қолжетімді баспана» бағдарламасымен 768 отбасы пәтер кілттерін алды. Мемлекет басшысы дағдарыс уақытында отандық экономиканы қолдауға елеулі қаржы бөлінуі Ұлттық қорды дер кезінде құрудың, зейнетақы жүйесін және жалпы экономиканы реформалаудың, сондай-ақ, теңгенің еркін бағамына көшудің арқасында мүмкін болғанын және бөлініп отырған қаржының тиімді игерілуін ескертті. Осының арқасында халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау, білім, денсаулық және мәдениет саласында біршама ілгерілеушілік байқалды. Адамдарды көбірек толғандыратын коммуналдық саланың жұмысы жақсарғанын қала тұрғындары жақсы біледі. Әсіресе, жылумен қамтамасыз ету мәселесінің ойдағыдай шешімін тапқанын атап өткен жөн. Қаланы көркейту мәселесі бойынша да көп істер тындырылды. Көкшетау қаласын орталықтандырылған газбен қамтамасыз ету соңғы жылдары оң шешімін таба бастады. Қала әкімінің есеп беру кездесуінде қорытынды сөз сөйлеген облыс басшысы Сергей Кулагин жұрттың назарын қазіргі жаһандық қаржы дағдарысы кезінде тығырықтан қалай шығу керек деген сауа­л төңірегінде әңгіме қозғады. Бұл ретте Елбасының стратегиялық бастамаларынан туындаған міндеттерді жүзеге асырудың нақтылы бағыттарын анықтап берді. Әсіресе, облыс орталығының өңірдің экономикасын алға сүйреуде көшбасшы екенін айта келіп, әр саладағы даму үрдістері уақыттың ырғағынан қалмауы керектігін еске салып өтті. «Біз ертеңгі күнге сеніммен қарауымыз керек» деген мәселе қала тұрғындарын жаңа қозғалыстарға бастауда. Осының игі нәтижесі ретінде, дағдарыс атаулы аяққа оралғы болып жатса да, біздің өңір серпіліс танытып, алға жылжып келе жатқаны айқын байқалады. Ермек МАРЖЫҚПАЕВ, Көкшетау қаласының әкімі. Ақмола облысы.