• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
13 Ақпан, 2016

Аңызға айналған адам

549 рет
көрсетілді

Ауған соғысының ардагері Борис КЕРІМБАЕВ туралы «Қазақтың қара майоры», «Король Панджшера» атты қос кітаптың тұсаукесері өтті. Алматыдағы Ұлттық кітап­ханада – танымал азамат туралы сыр тербеген қос кітаптың тұсауын кесу салтанатына еліміздің танымал азаматтары – Қазақстан­ның Еңбек Ері Аягүл Миразова, ауған соғысының ардагері, Кеңес Одағының Батыры Николай Кремениш, қоғам қайраткері-белгілі тіл жанашыры, ұлт патриоты Асылы Осман, Әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, палуан Дәулет Тұрлыханов, қалалық Тілдерді дамыту, мұрағаттар мен құжаттама басқармасының басшысы Мамай Ахетов, әскери ғылымдардың докторы, профессор Ким Серікбаев қатысты. – Әскери-жауынгерлік ілімде «қа­ра майор» атанған сайыпқыран сардар Борис Керімбаев та, осы қос кітапты жазып шыққан оның ауған соғысындағы әріптесі Бақытбек Смағұл да – еліміздің ерекше мінезді азаматтары саналады,– деді өз сөзінде полковник Ким Серікбаев. – Дарынды әскери қолбасшы туралы дарынды азамат жан дүниесімен сезімге беріліп жазған бұл шығармасы әскери саланың ардагері болғандықтан да маған сондай жақын. Екі кітаптың да алғысөзін өзім жаздым. Қан майданда қатардағы жауынгердің өмірінің қауіпсіздігі оның білікті командиріне байланысты. Кітапта әрбір солдаты үшін шырылдап кеудесін оққа төсеген батыл қолбасшының бейнесі әдемі ашылған. Тарихи әдебиеттің бүгінгі ұрпақты «Мәңілік Ел» ұлттық идеясы аясында әскери-патриоттық тәрбие беруге қосар үлесі өте зор болмақ. Тұсаукесер мінберінен сөз алғандар бір кездегі тып-тыныш жатқан елдің талай-талай бейбіт тұрғындарының жүрегін жаралаған «ауған соғысының» зардабын еске түсірді. Қапшағайда жасақталған КСРО МББ Бас штабының №177 айрықша мақсаттағы отрядының сол кездегі командирі Борис Керімбаевтың Ауған-Панджшер аумағындағы көзсіз ерлігі туралы қилы-қилы қызықты да қасіретті естеліктер айтылды. Қашанда майдан адам шығынынсыз болған ба? Құрбан болғандардың аруағына Құран оқылды. Жиынды жүргізген белгілі киноактер, қоғам қайраткері Орын­басар Тазабековтің 18 жасында әйгілі командирдің қоластына түсіп «ауған тажалынан» аман оралғаны – сардарының, «қара майордың», арқасы екені туралы айтқан сөзі көпшіліктің жанын тебірентті. Салтанатты қауышуға Бауыр­жан Момышұлы атындағы әс­кери мектептің шәкірттері, ауған соғысына қатысушылар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Бір топ ауғандық жауынгерлерге Б.Момышұлы атындағы арнайы төсбелгілер тапсырылды. Марапатталғандар ішінде республикалық «Балдырған» журналының бас редакторы, белгілі журналист-жазушы, ауған соғысының ардагері Дүйсен Мағлұмов, әлемге әйгілі палуан, ұлт мақтанышы Дәулет Тұрлыханов, танымал кинорежиссер Рүстем Әбдірашев және басқалары бар. «Еш уақытта шен мен шекпенге таласпаған, парасат биігінен аспаған» «қазақтың қара майоры» Борис Төкенұлы конференция ұйымдастырушылары мен кітап авторы, майдандас бауыры, мемлекет және қоғам қайраткері Бақытбек Смағұлға алғысын біл­дірді. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. ––––––––––– Суретті түсірген Николай СУДАКОВ.