Бұл Алмас Алматов туралы байлаулы сөзді кешегі Рахманқұл Бердібаев сынды ғұлама немесе Мырзатай Жолдасбеков, Сейіт Қасқабасов секілді фольклордың тамырын тап басатын білгірлер айтса болар еді. Аға жасына жетіп отырған даңғыл жырау туралы, оның бүкіл болмыс-бітімі туралы жазғалы отырған аз ғана пікіріміз өз бойымызға шақ келмей қала ма, Алмастың толымды тұлғасына тар болып қалмай ма деп қауіп ойлап отырғанымыздың несін жасырамыз.
Замананың қалыбына сыймайтын, тумысы бөлек азаматтарды көрдік. Ғаламтормен шырмалған алашапқын уақыттың көшіне өзге бір ғаламшардан келіп қосылып кеткендей сойы бөлек, сипаты басқа солардың өздері де саусақпен санардай некен-саяқ. Біреу. Екеу. Үшеу. Аз. Кешегі ардақты Ақселеу аға біздің кезеңімізге ғайыптан қосылып қалған сондай феномен еді ғой. Оның мойыны қоғамнан озып тұрғанын аңғарушы едік. Ал академик Зейнолла Қабдолов «Әбіштің ұстазы едім деп айтуға қымсынамын» деп кішірейсе, бұл Кекілбаев кереметінің өлшемге сыймайтын алыптығын мойындау емес пе? Қалыпқа салса кептеліп қалатын, стандарттардың сықиған өлшемдеріне шақ келмейтін осындай өзгеше бітімі бар сирек дарындардың бірегейі дәл осы Алмас Алматов дер едік. Сонау Бұқар мен Базардың, Тұрмағамбет пен Омарлардың заман құрбысы секілді Алмастың сөз сорабы да, этикалық-эстетикалық көзқарастар кешені де біздің бір тарының қауызына сиятын күйкі заманымыздың парадоксы секілді. Көненің көзіндей, бұрынғының сарқытындай жырауымыздың бүгінгі ала-құла өнер жәрмеңкесіндегі бөлек орнын біз осылай бағалаймыз.
Біз алғаш көргенде осы Алмас Нұрмаханұлы отызға тола қоймаған оғлан еді. Фольклоршы Мардан Байділдаев таныстырған тәрізді. Бірден басымызды шұлғып, қолымызды қусырдық десек, жалған болар. Өйткені, Алмасты толық ұғынып қабылдау үшін өзіңнің де ішкі дайындығың болу керек. Осы күнгі жеңіл-желпі әуездерге, тіпті, классикалық мәдениетке ауызданған кісі Алмастың көмейден құйылатын құлдыраңдаған құмыр дауысына бір елең еткені болмаса, көбіне оны экзотика деп бағамдап, өте шығары даусыз. Төрт құбыласы теңелген бұл шалқар дарияны әділ бағалау үшін оның тереңіне бойлау, шалқарына шомылу қажет. Сол кезде Қазақстанның атынан шетелдерге жиі шығып, этнографиялық концерт-лекцияларымен Франция, Америка, Голландия, Германия секілді шет жұрттарды тамсандырып жүрген Алмас, сірә, Моңғолиядан оралған тұста болар, өз отының басында бірқатар ақындардың басын қосып, бір таң жырлағаны бар еді. Тұс-тұсынан сарқырап құлай ағатын дарияны сол жолы армансыз тамашаладық, әрқайсымыз өз шама-шарқымызша пайымдап, бағасын бердік. Көшенейдің көзін көргендер соның өзі, соның ізі деп сүйсіністі. Түркімен, қарақалпақ мақамдарын сіңіре алмай жүрген біз сияқтылар осы жолы осынау уақытпен сарындас құпиялы сазға әйтеуір бауыр басты, етене табысты. Одан әрі бұл сиқырлы сазға құлақ төсеп тыңдауды дағдыға айналдырды. Алмаспен ертеден ауызданып алған ақын бауырымыз Шәкизада Әбдікәрімовтың мына жыр жолдары сол кештің суреті:
Алмасымыз... молдадай
тылсым оқыр,
Жылатады сені,
әзір күрсіне тұр.
Иранбектің иығы селкілдесе,
Қызып қалған шығар деп
Жүрсін отыр.
Киелі өнер қонбайды
сөзі алаға,
Менің де арқам жоқ жерден
қозады, аға.
Үйіріп ап діліне отыр жұртты,
Көктен түскен мына
бір қожа бала.
Қожалар көктен түссе, түскен шығар, бірақ, Алмастың бойындағы сұрапыл өнер көктен түспеген. Сыр бойының топырағын басып, суын ішкен ұлы жыраулар ғасырлар бойы жаратқан жауһар жыр мұрасын Алмас тал бесіктен белі шыға салып бойына сіңіре бастаған екен. «Біз өнерге бір күнде келген жоқпыз және бір күнге келген жоқпыз» деп өзі ағынан жарылғандай, Алмас өзіне дейінгі дара жүйріктердің бәрінің іліп аларын игерген дарын ретінде үнемі ірілене берген, ілгерілей берген. Дүр Оңғар, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Тұрмағамбет, Балқы Базар, Майлықожа секілді түпсіз тереңдердің тұңғиығына бойлап еніп, өзі де солардың сарынымен толғануға бой ұрған Алмастың шайырлық машықтарынан қалың қауым әлі бейхабар тәрізді. «Қазына» дейтін дастанымен талап тұлпарларының тізгінін ұстаған Алмас соңғы жылдары «Шыңғыснама» атты аса күрделі шығармаға тәуекел еткені бізге мәлім. Оның кейбір олжалы тұстарын жариялап та жүр. Бір ғажабы, бұл жыр туындыларының астына Алмас өз қолын қоймаса, халық поэзиясының үздік үлгілерінен ажыратып алуыңыз екіталай. Себебі, осы заманның шалдыр-шатпағынан тіл құнарымен, ұғым-түсінік байлығымен ерекшеленетін Алмас қолтаңбасы көне мақамдарға етене жақын. Өлең құрылымындағы, ұйқас жаратылысындағы көнелеу боп көрінетін қарапайымдылықтың ар жағында дәстүр сабақтастығымен үндескен шыңырау тереңдік жатыр. Алмастың бүкіл шығармашылық әлеуетінің сипатын танытатын мына бір толғауын ғана келтірейікші:
Байлыққа бақыт келмейді,
Алтынды белден үйгенмен.
Кейбір жанның көңілі тар,
Бар болып дәурен сүргенмен.
Бастағы дәулет түлкідей,
Көзді алдап сұлу түрленген.
Досыңда бәзбір опа жоқ,
Бетіңе қарап күлгенмен.
Шалағай болса жолдасың,
Болмашы жерден сыр берген.
Жүйелеп сөзді жымдасаң,
Найзадай болар түйрелген.
Дәмді болсын лебізің,
Жал-жаядай сүрленген.
Қысылған жерде топ бастар
Сөзге құмай сұр мерген.
Бақ біткен сайын жұмсақ бол,
Терідей сүтке иленген.
Ойласпай ерте іс қылма,
Қолыңа билік тигенмен.
Қобалжыл көңілім тарықпа
Өсек пен нақақ, сүйреңнен.
Күншілдік бірге туысқан
Белгілі жау ғой үйренген.
Шабыстан жүйрік жаңылмас
Аяқтан шалып ілгенмен.
Дария арам болмайды
Ит қаншама сигенмен!
Дидактика ма? Иә. Бірақ, осы беймезгіл дидактиканың ар жағынан халықтық даңғыл даналықтың, кісіліктің ұлы сорабы көрініп тұрған жоқ па? Үш дарақтың арасында жол таба алмай адасатын бүгінгі жадау «ойшылдығымыздың» іздер өрісі, табар қонысы дала даналығының жұртында жатқанын аңғартар осы поэзия емес пе? Жалпы, бабадан мирас болып келе жатқан кісілік, дегдарлық, бекзаттық кодекстеріміздің біраз нышандары Алмастың сөзінен де, жүріс-тұрыс, іс-қимылынан да байқалатынын күлбілтесіз-ақ айтқымыз келеді. Оған ондаған мысалдар да келтіруімізге болар еді. Атадан балаға үрдіс болып келе жатқан бұл қасиеттердің ұясы – оның өнегелі отбасында орныққан. Әкесін көрмесек те, Алмастың ардақты анасының берекелі дастарқанынан дәм татып, тәрбиелі үйдің үлгісіне тамсанған кездеріміз бар еді. Алмастың анасын төбесіне көтеруі, Алмас үйіндегі әйелдердің ер-азаматты пір тұтуы көңіл төрінде сақталып қалыпты. Осының бәрі басын қоса келе, қазақтың ежелгі данагөй әдет-ғұрыптарын сақтап келе жатқан санаулы отбасылары бүкіл қазыналы генофондымыздың шырақшылары-ау деп ой түюге, сүйсінуге мәжбүр еткенін ұмыта алмай келе жатырмыз.
Бұл күнде Астана қаласының берекелі білім ордасы – Ұлттық өнер университетінде профессор ретінде көп өнерпаздың жалын тарап, кекілін түйіп отырған А.Алматовтың педагогтік қызметі де шыдам мен төзімнің, ақыл мен сабырдың үлгісі. Алматы консерваториясында, Қызылорда университетінде дәстүрлі өнердің кафедрасын негіздеп, оның ғылыми-әдістемелік бағдарламасын қалыптастырып, халық өнеріне құлаш ұрған жүздеген жас ұланның үмітін үкілеп келген бұл ірі тұлғаның еңбек-мехнаты бірде еленсе, бірде аяқасты болып, үлесі әркімнің еншісінде кетіп жатқанын да байқаймыз.
Алмас Алматов бүгін 60 жасқа толып отыр. Алпыс қазір жігіттің жасы болып қалды. Арғымақтай арқыраған Алмас та нағыз қайратты, қуатты шағында өзгеше өнерімен тәуелсіз мемлекеттің тертесіне жегіліп, туған еліне төбесімен жүріп қызмет етуде. Талантына тәу етушілері көп. Тілеулестері одан да көп. Алмастың атан түйеге жүк болардай атақ-даңқының өзі ұлттық өнеріміздің ортаймас олжасы, азырқанбас абыройы. Қайырын берсін деп тілейік!
Жүрсін ЕРМАН,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
АЛМАТЫ.