Осы аптада Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде қажет емес заттардан жасалған бұйымдарға арналған ерекше көрме өтті. Келгендердің қиялын оятқан көрмеде түкке тұрғысыз тұрмыстық заттардың қалдықтарынан жасалған кейбір дүниелер көз қуантты.
– Көрме өткізу идеясы студенттерді шабыттандырды. Жастардың өздері де тамаша жұмыстарға куә болды. Қазылар алқасы осы бұйымдардың арасынан ең үздігін анықтап, әр аталым бойынша марапаттады. Бұрын еңбекке баулитын пәндерде ғана жаңа заттарды жасауды үйрететін болсақ, ендігі кезекте кез келген студент «Шебер қолдар» үйірмесіне қатыса алады, – дейді университеттің мектепке дейінгі және бастауыш кафедрасының меңгерушісі Тұрсынай Байназарова.
Қиял жүйріктігі мен жаңаша ойлау қабілетін көрсетуді көздеген көрмеге педагогика және психология факультеті мен «ҚазНұр» гуманитарлық колледжінің студенттері де ерекше атсалысты. Өз мамандықтары бойынша кәсіби өсуге сеп болатын шараға пластик бөтелкелерден, қақпақтардан, лампалардан, гүлшоғы оралған қағаз, лента, картон, диск сынды пайдаланылған заттарды қолдана отырып жаңа дүниелер жасаған. Әр жұмыстың атауы, авторы көрсетіліп, қазылар алқасына ұсынылды.
Көрмеге қойылған заттар өзіндік ерекшелігі, эстетикалылығы, экологиялық құндылығы, пайдаланылған материалдардың әртүрлілігі бойынша сарапқа салынып, ең үздіктері анықталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, үздік жұмыстар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өтетін көрмеге апарылады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.