транзитпен жіберілген есірткілік зат болып шықты
Таяуда Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің «Жетісу» кеден бекетінің халықаралық пошта жөнелту бөлімінде кезекті кедендік тексеру жүріп жатты. Кенет «Рапискан» рентгендік сканер аппаратынан өтіп бара жатқан қорап ішінен ақ ұнтаққа ұқсас зат көрінді. Қорапты жеке алып, қызметтік итті жібергенде, ол қорап ішінде есірткі зат жатқандығы жөнінде күдік білдірді. Содан кейін әлгі қорапты ашып, күдік тудырған ақ ұнтақ физика-химиялық сараптамаға жіберілді. Жедел жүргізілген тексеру қорытындысы оның жүйкеге қатты әсер етуші есірткілік препарат – фенциклидин екенін анықтады. Оның жалпы салмағы 20 килограмды құрады. Аталмыш қорап Германиядан транзит бойынша Қырғызстан астанасы Бішкек қаласына бағытталған екен.
Фенциклидин наркоз беру кезінде күре тамыр арқылы жіберілетін синтетикалық фармакологиялық препарат болып табылады. Оны пайдалану адамның жүйкесіне өте қатты әсер ететіні соншалық, пайдаланған адам көзі қарауытып, маңайындағыларын танымай қалады. Препараттың күші адамның бойында 2 сағаттан 24 сағатқа дейін жүреді. Сондықтан да қазіргі уақытта оның өндірілуі қатаң халықаралық бақылауға алынған.
Мұндай есірткілік препараттың ұсталуы халықаралық пошта жөнелту бөліміндегі бірінші жағдай емес. Атап айтсақ, үстіміздегі жылдың бір айдан астам уақытының өзінде ғана халықаралық пошта арқылы осыған ұқсас 12 жағдай болды. Шешім қабылдау үшін экономикалық тергеу қызметінің өндірісіне берілді. Ал өткен 2015 жылы құрамында есірткілік заттар бар препараттарды өткізуге тырысқан 38 факт, қару-жарақ пен суық қару және оның аксессуарларын өткізуге тырысқан 22 әрекет әшкереленді, деп мәлімдеді Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы.