Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің оқытушылары мен студенттері «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің журналистерімен кездесті. Бұл кездесу «Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел» атты тақырыппен өтті.
Кездесуге «Егемен Қазақстан» газетінен акционерлік қоғамның президенті Сауытбек Абдрахманов, газет бас редакторларының орынбасарлары Қорғанбек Аманжол мен Сейфолла Шайынғазы, осы жолдардың авторы қатысты.
Оқу орнының ректоры, профессор Ақылбек Күрішбаев университет қауымына қонақтарды таныстыра келе оқу орнының қазіргі жағдайы туралы әңгіме қозғады.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті Астанада құрылған тұңғыш жоғары оқу орны болып табылады. 2015 жылғы Тәуелсіз аккредитациялау агенттігінің сараптамасы бойынша университет республикамыздағы ең үздік бес жоғары оқу орнының қатарынан орын алды. Ал еліміздегі ауыл шаруашылығы саласы мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындары арасында бірінші орынға ие болды. 2015 жылы университет білім беру бағдарламасының сапасы жөнінен де осындай тамаша табыстарға қол жеткізді. Оқу орнының 19 оқытушысы Қазақстанның ТОП-50 үздік оқытушылар тобына енді.
Университеттің осындай табысқа жетуіне негіз қалап отырған бір фактор – оның басшылығының жасап отырған стратегиялық қимыл-әрекеттері деуге келеді. Мәселен, оқу орны аграрлық-инновациялық ғылымда дүниежүзінде бірінші орында тұрған АҚШ-тың Дэвис қаласындағы Калифорния университетімен тығыз қарым-қатынас орнатқан.
«Егемен Қазақстан» газетінің басшысы Сауытбек Абдрахманов өз сөзін Мәңгілік Ел идеясынан бастады. Ұлттық идея дегеніміз – ұлттық сана-сезімнің жүйелі жинақталуы екендігін, сондықтан, ұлттық идеяның халықты толғандыратын негізгі мәселелерге жауап беретіндігін айтты.
Газет редакторының орынбасары, ақын Қорғанбек Аманжол университет атын иеленіп отырған Сәкен Сейфуллин туралы өлеңін оқып берді.
Кездесу барысында университет шәкірттері жүзінің жарқын екендігін байқадық. Шәкірттер атынан сөз алған Мейрамбек Бектұрғанов Астанадағы ең арзан асхана, ең арзан дәріхана, ең арзан дүкен осы университетте екендігін, студенттер үшін емхана жұмыс істейтіндігін, 1000 орындық жатақхана, ұстаздарға арналып көппәтерлі үй салынып жатқандығын айтып берді.
Университет пен газет арасындағы байланыс беки түспек.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ.