• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Ақпан, 2016

«Жан-Арайдың» жұмысы жайнап тұр

469 рет
көрсетілді

Былтыр Елбасы Қызылорда облысына арнайы сапар жасады. Сол кезде Мемлекет басшысының қатысуымен «Жан-Арай» құрамажем зауыты ашылды. Аталмыш өн­дірістің өмірге тікелей жолдама алуына мемлекеттің тарапынан зор қолдау болды десек, артық айтқандық емес. Себебі, «Жан-Арай» құрамажем зауыты «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған жобалардың бірі. Былтыр іске қосылған өндіріс орнында бүгінде қызу тірлік жүріп жатыр. Шаруашылықтардың сұранысын қанағаттандыруға бел шеше кіріскен зауыт күні-түні жұмыс істеп тұр. «Өндіріс орны ашылғалы 175 тонна жем өндірілген. Оның 100 тоннасы нарыққа жөнелтілді», дейді құрама жем зауытының бас технологы. Кәсіпорынға қажетті шикізат, яғни күріш, бидай, күнбағыс секілді өнімдер жергілікті шаруашылықтардан алынуда. Ал Шымкент, Түркістаннан жүгері мен күн­жара тасымалданып тұрады екен. Аймақ шаруалары жылына 60 мың тонна мал азығын тұтынатынын ескерсек, зауыт сол сұранысты қанағаттандыруға жұмыс жасауда. Зауыттың бас технологы Қуат Шакизадаевтың айтуынша, өндіріс орны өндірген жемге шаруашылықтардан сұраныс жоғары. Өнімнің 60-70 пайызы аймақтағы шаруашылықтарға таратылса, 30-40 пайызы көрші ОҚО, Жам­был, Ақтөбе облыстарына шығарылып жатыр. Көбінесе шаруа қожалықтары жемді бордақыланған мал, сауын сиырлар мен ұсақ малдарға тұтынады. Қазақстандық 5 стандарт бойынша өндірілетін мал азығы жиынтығын алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлеріне де экспорттау жоспарда бар. Зауытта жемнен бөлек Сыр маржанын да ақтайды. Күріш цехы тәулігіне 120-130 тонна күріш өңдеп шығады. Өндіріс орнында қара күрішті тазалау, ақтау, қапқа салу жұмыстарының барлығы заманауи технологиялармен атқарылады. Сыр салысының маржан, янтарь, лидер, диамонд атты сұрыптары 5 келіден бастап 10, 25, кейде тапсырысқа орай 50 келілік қапқа дейін өлшеніп, нарыққа жіберіледі. Сырдың бренд дақылы бүгінде алыс-жақын шетелдіктердің қазанында қайнап жатыр. Күріш ақтау цехының механигі Бақытжан Тумырзаев, «Аптасына 5-6 вагон ақталған күрішті көрші мемлекеттерге жіберіп жатырмыз. Олардың қатарында Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей бар. Болашақта ТМД аумағындағы мемлекеттер мен шетелдерге шығаруды көздеп отырмыз. Енді экспорттың көлемін бір сәтке де түсірмейміз», дейді. Қаншалықты қаржылық экономикалық қиыншылық болса да, өндіріс нысанында тірліктің қызу қарқыны байқалады. Ауысыммен еңбек ететін 30 жұмысшыға жала­қы уақытылы беріліп тұр. Дағдарысқа дес бермейтін кәсіпорында, жұмыстан қысқарту деген ұғым жоқ. Зауыт аумағында күнделікті 150 тонна күріш өңдейтін құрал-жабдық, дайын өнім мен шикізат сақтайтын қоймалар, автотаразы, зертхана, қаптама цехы, ұн тартатын диірмен мен макарон өнімдерін шығаратын құрылғы бар. Зауыттағы барлық құрал-жабдық PETKUS Technologie GmbH неміс компаниясының өнімдері. Германиядан жеткізілген құрылғыларда арнайы машықтанған мамандар жұмыс істейді. Аймақта кәсіпкерліктің дамуы артып, шағын және орта бизнес субъектілерінің көптеп ашылуы – мемлекеттік қолдаудың жемісі. Әлеуеті орасан «Жан Арай» жем зауыты болашағы тұрақты кәсіпорынның бірі саналады. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.