• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
16 Ақпан, 2016

Кеңестен көмек көп

312 рет
көрсетілді

Қостанай қаласындағы «Отау-сауда» сауда орта­лы­ғына сенбі, жексенбі күн­дері қалалықтар да, ауылдан базарлауға келгендер де соқпай кетпейді. Көк­базарға келгендер сауда ор­талығынан керегін таба­ды. Мұнда киім-кешек, тұр­мыстық бұйымдардан бас­тап, алтынға дейін бар. Сенбі күні әмбебап дүкенге келгендер алтыннан кем емес тегін кеңес те алып кетті. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының «Жас Отан» жас­тар қанаты әдеттегідей кеңес орталығын осы «Отау-Сауда» сауда орталығына әкелді. Дүкеннің жергілікті дауыскүшейткішінен екінші қабатта кеңес орталығының жұмыс істеп жатқанын хабарлап жіберген еді, әп дегенше емханалардан, облыстық сайлау комиссиясынан, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан, жұмыспен қамту орталығынан келіп отырған мамандардың алдында жұрт кезекке тұрып үлгерді. Кезектің алдында тұрған жігіт Денис Борсуков өткен жылы Автомобиль жолдары колледжін бітірген екен. Техник-ме­ханик мамандығын игерген. Алайда, кө­ңіліне қо­нымды жұмысты әлі таппапты. Қазір жұмыссыз жүр. Ол жұмыспен қамту орталығынан келіп отырған мамандарға өзінің түйіндемесін тастап кетті. Әзірге оларға Денистің ма­мандығын іздеп, сұраныс жасаған жұмыс беруші бо­ла қоймапты. Ал Ратхан Ах­метов болса Қостанай мем­­лекеттік педагогикалық инс­­титутының спорт жә­не денешынықтыру фа­культетінде оқып жүр. Өзі­нің болашағын ойлаған азамат кеңес беру орталығынан бола­шақ жұмысының жай-жапсары туралы білгісі ке­ліпті. – Шынымды айтсам, мүмкіндігінше жұмысты қа­ладан тапқым келеді. Соның мүмкіндігі қалай болатынын білгім келген. Мен оқу орнын келесі жылы бітіремін, сонан кейін қаладан жұмыс таппасам, «жастар практикасына» жазылуыма болады екен, – дейді Ратхан. – Мен биыл сайлау­да бірінші рет дауыс бере­мін. Маған облыстық сайлау учаскесінен келген кісі қандай құжатпен, қай сай­лау учаскесіне баратынымды, алдын ала сайлау­шылар тізіміне енгенімді қайдан білуім қажет­тігін нақтылап түсіндіріп берді, – деді Қос­танай мемлекеттік педагогика инсти­тутының бірінші курс студенті Руслан Мұхтаров. Кеңес орталығында пси­хологтар мен медицина қыз­меткерлері де жұрт­шы­лықтың сауалдарына нақты жауап беріп жатты. Олар­дың қан қысымын, қан құрамындағы қант мөлшерін де сүт пісірім уақытта анықтап берді. Ке­ңес беру орталығын «Нұр Отан» партиясы облыс­тық филиалының жастар қанаты жиі ұйымдастырады. Ол 2013 жылы құрылған еді, осы уақытқа дейін 5447 адам медицина, заң, құқық, қол­жетімді тұрғын үй, білім алу саласынан тиімді кеңестер алыпты. – Кеңес беру орталығы халықтың көмекке зәру санатына кеңес беріп, демеп жібереді. Оның артықшылығы да осында. Олар кейде ем­ханаларға, кейбір мемле­кет­тік органдарға барып, бү­гінгідей санаулы минуттарда сұ­рақтарына жауап ала алмайды, барлығына уақыт керек. Ал біз жұмысты күніне екі сағат осындай адамдар көп жүретін орындарда ұйымдастырамыз, – дейді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының «Жас Отан» жастар қанатының төр­ағасы Ерлан Төлеутаев. Кеңес беру орталығы «Жас Отан» жастар қанатының жо­басы болғандықтан, ке­ңес сұрап келгендерге қан­шалықты көмек берілгені пар­тияның облыстық филиалы жастар қанатында қадағаланып отырады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Қостанай.