Облыс орталығындағы «Атамекен» мейрамханасында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Біз біргеміз!» атты қайырымдылық акциясы өтті.
Облыс әкімдігінің қолдауымен «Ақтөбе қалалық сал ауруларына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізілген шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың басшылары, меценаттар, кәсіпкерлер, еріктілер және 150 белсенді мүмкіндігі шектеулі азамат қатысты.
Жетімін жылатпаған, қамкөңіл жандарын қатардан қалдырмайтын, қайырымдылығын аямайтын ата-бабадан келе жатқан имандылық ісінің жалғасып, дәстүрге айналып келе жатқаны көңіл марқайтады. Акцияның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға, олардың өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінулеріне жағдай туғызу болып табылады. Бұл акция осы бағыттағы бағалы бастама ғана емес, қайтарымды қайырымдылық шара ретінде де құнды. Осы арқылы қаншама қамкөңіл жандардың жүрегіне ізгілік нұры құйылады, оларды өмірге талаптандырады десеңші. Өңірде осы акция өткізіліп келе жатқан 16 жылдың ішінде спорт, мәдениет салаларында, қоғамдық өмірде жетістіктерге жеткен 3 мыңнан астам ересектер мен балалар қайырымдылық шуағына бөленген екен. Акцияда алғаш болып сөз алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осы акцияны он алты жыл бойы ұйымдастыруға ұйытқы болып келе жатқан «Ақтөбе қалалық сал ауруларына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Бәйменоваға ризашылығын білдіре келіп, облыста 23 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тұратынын, оның екі мыңға жуығы 16 жасқа дейінгі балалар екенін жеткізді. Акцияны ұйымдастырудағы ең басты мақсат – осындай мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсету, көңілдерін көтеріп, қолтықтарынан демеп, жақсылық жасау екенін атап өтті. «Рас, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға Үкімет, қоғам тарапынан қамқорлық жасалып, көмек көрсетілуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік мәселелерге айрықша көңіл бөліп келеді, мүмкіндігі шектеулі жандарға тұрақты қолдау көрсетілуде. Жәрдемақылары өсіріліп, оларды жұмысқа орналастыру қолға алынуда. Басқа да жеңілдіктер қарастырылуда. Бүгінгі өткізіліп отырған акция соның дәйекті дәлелі екені сөзсіз», деді Бердібек Машбекұлы. Өңір басшысы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты шаралар басталып кеткенін, оған әркім хал-қадерінше үлес қосуы керектігін еске салып, жиналғандарды бүгінгі шарамен құттықтады, осы акцияны қолдауға келген «Нұр-Мұқасан» дуэті, әнші Ақылбек Жеменей және «Мұзарт» тобына ризашылығын білдірді. Бұдан кейін облыс әкімі пешенелеріне жазған тағдырдың тауқыметін мойымай көтеріп, өз салалары бойынша үлкен табысқа жеткен, еліміз егемендік алған жылы дүниеге келген бір топ жасқа азаматтық ұстанымдары үшін «Тәуелсіздік құрдастары» номинациясы бойынша Алғыс хат пен ақшалай сыйлық тапсырды.
Ал акцияға қатысушыларды белсенді өмірлік көзқарастары үшін құттықтау тілегін арнаған облыстық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Нұрлыбек Мұқанов мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбек етуге деген құлшынысы зор екенін, қазір өз істерін ашып, табыс тауып жүрген мүгедек жандардың қатары арта түскенін айрықша атап өтті. Ол да өз кезегінде жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүрген мүмкіндігі шектеулі 8 азаматқа «Өз ісінің шебері» номинациясы бойынша Алғыс хат пен сыйлықтар ұсынды. Сондай-ақ, акция аясында «Менің мүмкіндігім мол», «Жанымыздағы жандар», «Ардагер» номинациялары бойынша мүгедектер қоғамының белсенді мүшелері мен мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары марапатталды. Шарада осы имандылық істің бастамашысы Құралай Бәйменова жыл сайын қайырымдылық акциясын өткізуге тұрақты түрде демеушілік жасап жүрген кәсіпкер-меценаттарға «Қайырымдылық жасау мәдениеті» номинациясын табыстап, ыстық ілтипатын жеткізді. Олардың арасында «Рамазан» ЖШС басшысы Орынбасар Мусин, «Қазақстанның халық банкі» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Апуажан Төлегенова, «Хабар сервис» ЖШС басшысы Мұхтар Әбілқайыров, «Сәулет Құрылыс Сервис-2007» ЖШС директоры Нұржамал Таңқаева сынды меценаттар бар. Акция барысында белгілі кәсіпкерлер мен ірі кәсіпорын басшылары өздерінің әлеуметтік жобаларын ұсынып, сол арқылы мүгедек балалардың «Еврогрейд-2016» халықаралық музыкалық фестиваліне қатысуына, мүмкіндігі шектеулі азамат Т.Матаевтың үйіне пандус салып беруге және мүгедектерді жұмысқа орналастыруға қолдау көрсететіндерінен хабардар етті.
– Мен мүгедектігіме қарамастан автокөлік жүргізіп, қалалықтарға такси қызметін көрсетіп, өз нәпақамды өзім айырып жүрмін. Қоғамдық жұмыстардан да қалмаймын, спортпен айналысамын. Тек үйімде пандус болмай қиналып жүр едім. Соған қажетті қаржыны бөлген «Динар-Электромаш» ЖШС басшысы Сергей Вишнякқа алғысым шексіз, – дейді Темірбек Матаев.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақтан».
Ақтөбе облысы.