• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
16 Ақпан, 2016

Ауған соғысының құрбандарын еске алды

606 рет
көрсетілді

Кеше Астана қаласындағы жауынгер-интернационалистер мемориалы алаңында Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 27 жыл толуына орай гүл шоғын қою рәсімі өтті. «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты мен Ауғанстан және жергілікті соғыс ардагерлері одағы бірлесіп ұйымдастырған іс-шараға Ауған соғысына қатысушылар, олардың ата-аналары мен туған-туыстары және «Жас ұлан» әскери мектебінің тәрбиеленушілері қатысты. Патриоттық шарада Ауған соғысының ардагері, Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев Қазақстаннан аттанған жауынгерлердің ер­лік­терін еске алып, олардың ин­тернационалдық борыштарын абыроймен атқарғанын айтты. «Ауған соғысының аяқ­тал­ғанына 27 жыл толғанымен, сол бір зұлмат жылдардың қайғы-қасіреті әлі де болса көптің кө­кейінде. Себебі, талай отбасын қан жылатқан сол соғыста біреу ұлынан, енді біреу асыл жарынан, ал біреулер әкелерінен айырылды. Сондықтан қыр­шын кеткен боздақтардың ерліктеріне тағзым етіп, құрмет көрсету – біздің мін­детіміз», – деген Б.Ертаев бүгінгі Отан қорғаушылардың сенім­ді де батыл болуы үшін осындай ша­­ралардың пайдасы зор екенін жеткізді. Сонымен қатар, Ауған со­­­­­ғы­сының ардагері, қоғам қайраткері Бақытбек Смағұл: «Бұл күн – Ауғанстаннан ағыл­­­ған темір табыттар тоқ­таған, аналар көз жасын көл қылып, балаларын жоқтаған күн. Елбасы айтқандай, әр қа­зақстандық ерлік пен елдік­ті ұштастырып, еліміздің көркейіп, өркендеуіне еңбек етуі тиіс. Сол себепті, осындай шараларда батыр ұлдарымыздың ерліктерін насихаттап, жастарымызды Отан үшін қанын төксе де, арын төкпейтін патриот етіп тәрбиелеуге ұмтылуымыз керек. Енді ешқашан соғыс болма­сын!», – деді. Өз кезегінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аман­шаев бүгінде елордада мыңнан астам Ауған соғысы­ның ардагері тұратынын, олардың Тәуелсіз еліміздің көркеюі жо­лында жемісті еңбек етіп жатқандарын жеткізді. Шара соңында Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлердің құр­метіне бір минут үнсіздік жарияла­нып, қатысушылар ме­мориалға гүл шоқтарын қойды. Айта кетейік, 1979 жылдың 25 желтоқсаны мен 1989 жыл­дың 14 ақпаны аралығында сан мың­даған кеңестік әскери­лер Ауғанстан жерінде Отан ал­дындағы борышын өтеді. Олар­дың қатарында 22 269 қазақстандық болса, солардың 924-і сұм соғыстың құрбаны болды, ал 1015-сі елге мүгедек болып оралды. Ал 21 жерлесіміз із-түзсіз жоғалғандардың тізіміне қосылды. Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан».