«Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері Алматы қаласының жас кәсіпкерлерімен кездесіп, әлемдік экономикалық тұрақсыздық жағдайында кәсіп иесі нендей тетіктерге сүйену керектігі жөнінде кеңес берді.
Жас кәсіпкерлермен кездесуге Парламент Мәжілісінің экс-депутаттары Нұрлан Жазылбеков пен Светлана Қадыралиева, «ФОРПОСТ Инвестиции и развитие» ЖШС-нің директоры Андрей Линник, «КазАвтобусПром» ЖШС-нің директоры Дмитрий Васильев қатысты.
Іскерлік кездесуінде партия өкілдері мен отандық нарықта ісін ілгері жүргізіп отырған бизнесмендер жас кәсіпкерлерге бүгінгі жағдайда кәсіпті сақтап қалу және ілгері дамыту жолдарын айқындайтын сараптамалық кеңестер мен іс жүргізу шеберліктерін ортаға салды.
Баршаға ортақ стратегиялық мақсаттарды табысты жүзеге асыру үшін «Ақ жол» партиясы өзінің сайлауалды тұғырнамасында қамтылған көптеген экономикалық заң жобаларының қабылдануына күш салумен қатар, қоғамда кәсіптік сауаттылықтың артуына жаңа леп қосатындықтарын жеткізді. Партия қолданыстағы салықтық, әкімшілік және инвестициялық заңнамаларға бірқатар өзгерістер енгізуді ұсыну және жеке бизнестің белсенділігін ынталандырып, олардың экономика мен әлеуметтік саланы дамытуына іскерлік мүмкіндіктер туғызу жолдарын кеңейтуге баса назар аударатындықтарын айтты.
Кездесу барысында кәсібін жаңа бастаған жастар мен ірі кәсіпорын басшылары өзара пікір алмасып, дағдарыс жағдайында шешім қабылдау мен істі жоспарлау тетіктерінің қыр-сырын сөз етті.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.