• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
16 Ақпан, 2016

Ұлттық мақсаты бар мемлекеттің іргесі мызғымайды

311 рет
көрсетілді

«Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХVІІ съезіне делегат болып қатысқан Қазтұтынуодағы Қарағанды эко­номикалық университетінің ректоры Ерқара АЙМАҒАМБЕТОВ біраз жылдан бері облыстық сайлау ко­мис­сиясының төрағасы қызметін жемісті атқарып келеді. Таяуда белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткеріне жо­лы­­ғып, съезден алған әсері және алдағы болатын сай­лаудың жай-жапсары туралы сұрап білген едік. Ол былай деді: – «Нұр Отан» партиясының ке­зектен тыс съезінде негізгі екі мәселе қаралды. Оның біріншісі – партияның тұғырнамасы болса, ал екінші мәселе – партия өзі­нің Мәжіліс депутаттығынан үміт­керлерінің тізімін жариялады. Кез келген мемлекеттің алдында үш үлкен мәселе тұрады. Ол – инфляция, жұмыссыздық жә­не ішкі өнім. Осы үшеуінің шеші­мін оң тауып, экономикалық стра­тегияны дұрыс жолға қоя білген елдің болашағы жарқын деп сенім­мен айтуға болады. Міне, осы мәсе­лелерге еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев өз баяндамасында баса мән берді. Халықтың қолдауынсыз ешқан­дай да реформа іске аспайды. Үкімет, кәсіби мемлекеттік аппа­рат халықтың қолдауына сүйен­генде ғана іс ілгері жылжиды. Бұл тұрғыдан келгенде, бүгінде Тұң­ғыш Президентімізге деген ел сенімі өте зор. Тонның ішкі бауын­дай тату-тәтті тұрып жатқан көп­ұлтты, көпконфессиялы еліміз Елбасының салиқалы саясатын қолдап келеді, алдағы уақытта да қолдай береді деген нық сенім бар. Ұлт бірлігі – біздің Тәуел­сіз­­дігіміздің қол жеткізген басты бай­лығы. Бұған Елбасымыз өте қатты мән береді. Президентіміздің алдымен – экономика, сонан кейін саясат деген ұстанымы өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Шынында да, адам баласы үшін алдымен оның тамағы тоқ, көйлегі көк, көршісімен тату болмағы маңызды. Экономикасы мығым, саяси бағыты түзу, әскері қуатты елдің басшысы мықты болып саналады. Бүгінгі күнде біздің Елбасының осындай дәрежеге жеткен саяси тұлға екендігі даусыз. Партия съезінің делегаты ретінде өз ойымды білдірер болсам, тізімдегі үміткерлердің кез келгенін алып қарайтын болсақ, өз саласының білгірі, тәжірибелері толысқан, елге танымал азаматтар. Егер алдағы сайлауда жеңіске жетер болса, мұндай депутаттармен қандай да болсын дағдарысты еңсере алатынымызға күмән жоқ. Қазіргі уақытта Қазақстанның көрсеткіштері жақсы, тіпті, жағдайды Ресеймен салыстыруға да келмейді. Біздегі инфляция 6-7% болса, көршімізде бұл көр­сет­кіш 13 пайызды құрайды. Жұмыс­сыздықпен күреске келсек, көр­сеткіш жаман емес. Дағдарысты тежеп, тойтаруға бағытталған шаралар жан-жақты қарастырылған. Жалпы, бүгінгі күнде осы айтылған күрделі мәселелерді шешу үшін арнайы бағдарламалар қабылданып, олар табысты жұмыс істеп жатыр. Мемлекеттің негізгі мақсаты – дайын өнім өндіру. Біз Дүние­жүзілік сауда ұйымына мүше болып кіргеннен кейін өзімізде жасалатын отандық өніммен танылуымыз керек. Бұл – шикізатқа иек арта бермей, барлық күш-жігерді, білім мен ғылыми әлеуетті ішкі өнімнің іргетасын нығайтуға жұмсау керек деген сөз. Яғни, біздің алдымызда тұрған ең маңызды шаруаның бірі – экономикаға серпін беріп, осы саланың мұқтаждығын басым бағытты саясат дәрежесіне жеткізу. Сонау Америка президенті Рузвельттің заманынан эконо­мика­лық және рухани дағдарыстардың болатыны туралы әңгіме қозғалып келеді. Жалпы, адамзаттың ойшылы Рузвельттің айтуынша, кез келген ел экономикалық дағдарысты жеңе алады. Ал рухани дағдарысты еңсеру – екінің бірінің қолынан келмейді. Дағдарыстарды жеңу үшін ең алдымен мемлекетке ұлт болып ұйысып, белгілі бір ұлттық идея аясында күш біріктіру қажет. Ал бұл дегеніңіз – біздің елімізде бар дүние. Елбасы ұсынған «Мәңгілік Ел», «Ұлы Дала елі» сынды ұлттық идеямен, яғни ұлы мақсаттармен қаруланған Қазақ­стан мемлекеттілігінің қабырғасы мызғымайды деп сенемін. Осы тұрғыдан алар болсақ, біздің жаңа Мәжілістің құрамында елге танымал өнер адамдарының, спортшылардың болғаны керек дүние деп есептеймін. Қазіргі қиыншылық заманда біз рухани дүниелерге айрықша мән беруіміз керек. Яғни, біздің халыққа өнерді дәріптейтін, саламатты өмір салтын насихаттайтын азаматтардың қызмет етуге деген құлшынысына түсіністікпен қарап, қолдау біл­діргеніміз жөн. Жазып алған Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.