• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Ақпан, 2016

Жедел шаралар жоспары жасалды

253 рет
көрсетілді

Үкімет Мемлекет басшысының кеңейтілген отырыс­та берген тапсырмаларын орындау үшін биылғы жылға арналған дағдарысқа қарсы қосымша жедел шаралар жос­парын әзірледі. Ол 4 бағытты қамтиды. Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен селекторлық режімде өткен Үкіметтің кезекті отырысында осы мәселе қаралды. Мәлім болғандай, дағдарысқа қарсы қосымша жедел шаралар жоспарының бірінші бағыты – ақша-несие саясатының тиімділігін арттыру және қаржылық тұрақтылықты қолдауға негізделген. Екіншісі, «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде экономиканы қолдау жөніндегі шараларды кеңейтуді көздейді. Үшінші бағыт, шағын және орта бизнесті және экономиканың негізгі салаларын қолдауға арналса, ал төртіншісі – іскерлік бел­сенділік пен халықты жұмыспен қамтуды қолдауды қарастырады. Отырыс барысында он екі баян­дамашы кезектесе сөз алып, шаралар жоспары кең ауқымда талқыланды. Үкімет мүшелері әрбір бағыт бойынша қандай шаралар атқаратындықтарын жеке-жеке баяндады. Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев өз кезегінде 2016 жылы Ұлттық қордан қосымша қаржы тартпастан, Қазақстан экономикасын қолдау мақсатында 1 трлн. 278,4 млрд. теңге бөлінетінін мәлімдеді. «Оның ішінде 2017 жылғы «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасының 3 млрд. долларынан 1 млрд. долларды 2016 жылға ауыстыру нәтижесінде алынған 360 млрд. теңгені қосқандағы 554,5 млрд. теңге бар. Сондай-ақ, 2016 жылғы «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға арналған Ұлттық қордың қаржысымен бағамдық айырма арқылы 194,5 млрд. теңге жинақталды», деді Е.Досаев. Министрдің айтуынша, Үкі­меттің арнайы резервінен 123,9 млрд. теңге бөлінеді. Ұлттық хол­динг­терге БЖЗҚ есебінен 600 млрд. теңге бағытталады. Сондай-ақ, ми­нистр баяндамасында 2016 жыл­дың наурызынан бастап Қазақ­стан экспорттық-кедендік баж салығының құбылмалы мөл­шер­лемесіне көшетінін атап өтті. «Мұнай-газ секторы мен тау-кен металлургиялық кешенді қолдау үшін пайдалы қазбаларды өндіруге жеңілдіктерді ұсыну, 2016 жылдың 1 наурызынан әлемдік бағаға байлай отырып, экспорттық-кедендік баж салығының құбылмалы мөлшерлемесін енгізу қарастырылған. Сондай-ақ, мұнай-газ секторының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін экспорттық-кедендік баж салығы мазуттың тоннасына 30 долларға дейін төмендетілді», деді министр. Оның сөзіне қарағанда, мұнайға байланысты меже бо­йынша, яғни барреліне 25 доллардан төмен әлемдік баға кезінде экспорттық-кедендік баж салығы мөлшерлемесі 0-ге теңеледі, ал барреліне 25 доллардан жоғары баға аясында экспорттық-кедендік баж салығы мөлшерлемесі тиісті межеге сәйкес айқындалады. «Осы арқылы, мұнайға әлемдік бағаның өсуімен экспорттық-кедендік баж салығы кө­лемі де артады», деп түсіндірді Е.Досаев. Сонымен қатар, 1 мамыр­дан 1 қыркүйекке дейін­гі аралық­та бір тоннаға 15 еуро мөл­шерін­де мазутқа мау­сымдық баж салы­ғының мерзімін белгілеу ұсынылуда. Е.Досаев тұрғын үй құрылысы туралы да біраз мәліметпен бөлісті. Оның хабарлауынша, дағдарысқа қарсы қосымша шаралар 2016 жылы баспананы пайдалануға беру болжамын екі есеге арттырады. Жедел ақпарат бойынша өңірлер бойынша жобалардың алдын алу пулы қалыптастырылды. Бюджетті нақтылағанға дейін тізім пысықталып, жергілікті атқарушы органдармен келісіледі. Қабыл­данған шаралардың арқасында жоспар бо­йынша ескерілген 2016 жылға 516,5 мың шаршы метр баспананың орнына, биыл 1,5 млн. шаршы метр тапсырылады және 2017 жылы 540 мың шаршы метр пайдалануға беріледі. Бұл өз кезегінде ІЖӨ өсіміне 0,5 пайыз деңгейінде үлес қосады және 70 мыңнан астам қосымша жұмыс орын­дарын құруға мүмкіндік бермек. Тұрғын үй құрылысын қаржы­ландыру көлемі мен талаптарына енген өзгерістерді ескере отырып, «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағ­дар­ламасына тиісті өзгертулер енгі­зіледі. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биылдың 1 маусымына дейін Қазақстан Рес­пуб­ликасының 2025 жылға дейінгі дамуының жаңа стратегиялық жоспарын даярлау аясында бөлек бөліммен Қазақстандағы тұрғын үй құрылысын дамыту бойынша жаңа тұжырымдық қадамдар әзірленеді», деп нақтылады Е.До­саев. Сондай-ақ, министр биыл Астана мен Алматыда бір шаршы метр тұрғын үйдің құны 240 мың теңгеден аспайды, ал қал­ған өңірлерде 200 мың теңге деңгейі­нен жоғарыламайды деп сендірді. «Құрылыс салушыларға қойы­латын негізгі талаптарға тоқта­латын болсақ, тартылған инже­нерлік-коммуникациялық инфра­құрылыммен жер телімінің және мемлекеттік сараптамамен жоба­лау-сметалық құжатнаманың болуы, 20 пайыздық жеке капи­та­лы­ның қатысуымен кірісуі қамтыл­ған», деді министр. Аталған бағыт бойынша 2016 жылы 404 мың шаршы метр тұрғын үй салынбақ. Үкімет отырысына Алматыдан тікелей онлайн байланысқа шыққан Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев ақша-несие сая­саты бағытын кеңінен сөз етті. Оның хабарлауынша, Ұлттық банк теңгенің еркін айырбас бағамы саясатын жүргізуін жалғастыра береді. Бұл қазіргі сәтте барынша оңтайлы режім. Бұл бір жағынан алтын-валюта активтерін сақтауға, екінші жағынан отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қолдауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта теңгенің күнделікті айырбас бағамы іргелі факторлардың өзгеріске ұшырауы негізінде қалыптасып отыр. Ал оған Ұлттық банктің қатысуы ба­рынша азайтылған және негіз­гі трендтердің өзгерісінсіз күрт құ­былу орын алған кезде ға­на ахуал­ды ретке келтіруге бағытталған. «Нарық қатысушылары айырбас бағамының артуына, сонымен қатар, төмендеуіне қатысты құбылмалылыққа біртіндеп үйреніп келеді. Бұған қоса, оның серпінін айқындайтын факторларды да жақсы түсіне бастады», деді ҰБ төрағасы. Д.Ақышевтің сөзіне қарағанда, осының арқасында Ұлттық банктің екінші деңгейлі банктердің өтімділігін қамтамасыз етудегі рөлі күшейді. Бұған қоса ол теңгемен салынған депозиттер үлесінің артуы күтіліп отыр­ғандығын алға тартты. 2016 жылдың 1 қаңтарында Ұлт­тық банк жеке тұлғалардың ұлттық валютамен сақталған депозит­теріне берілетін сыйақы ставка­сының ең жоғары мөлшерін 10 пай­ыз­дан 14 пайызға дейін көтеріп, шетел валютасындағы депозит­тердің ставкасын 3-тен 2 пайыз­ға дейін төмендетті. Бұл теңге депозиттерінің тартымдылығын артты­руға, біздің елдің азаматтары­ның жинақтарын қорғауға мүм­кіндік береді. Сонымен қатар, бұл жайт экономиканы несиелеу үшін банктердегі теңге өтімділігін қам­тамасыз ететін болады. «Мұндай жағдайда Ұлттық банк ақша нарығына арналған пайыздық саясат тетіктерін жетіл­дірумен жұмыс істеуін жалғас­тырады», деді ҰБ төрағасы. Ұлттық банк міндеті – 2016 жылы инфляция дәлізін 6-8 пай­ыздық қалпына келтіру. 2015 жыл­ғы теңге бағамын түзету әсері бағаға тікелей пропорционал­ды ықпал етпейді. Ұлттық банк бас­шысының айтуынша, теңге баға­мының әлсіреуінен өткен жыл­дың қорытындысында инфля­ция 13,6 пайызды құраған. «Инфляцияның 6-дан 8 пайызға дейінгі белгіленген дәлізге оралуы бірлескен күш-жігерді қажет етеді және Ұлттық банк пен Үкімет іс-қимылының үйлесімділігіне тәуелді болады», деді Д.Ақышев. Қазақстан Үкіметі теңгенің ағымдағы бағамын нақтыланған республикалық бюджетке бекітеді. Бұл жөнінде Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді. «Әрине, бағам бүгінгі деңгейді есепке ала отырып нақтыланады», деді Қаржы министрі. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, 2016 жылы мемлекеттiк бюджеттiң дағдарысқа қарсы шараларға бағытталған шығындары шамамен 600 млрд. теңгеге ұлғаяды. «Бұл жаңа жағдайларда бюджеттiк саясаттың контрциклдiк тұжырымдарына сәйкес келедi», дедi министр. Сондай-ақ, Б.Сұлтанов бюджеттi бiрiншi нақтылау теңгерiмдi болады дедi. Оның 240 млрд. теңгесi – Ұлттық қордан бөлiнген мақсатты трансферт, 124 млрд. теңге – жұмыспен қамтудың, бизнестiң жол карталары, агроөнеркәсiп секторы мен ҚТҚЖБ салымдарының өтемақысын төлеу бойынша шығындарды өтеу үшiн бекiтiлген бюджетте қарастырылған арнайы қорды қайта бөлу. Қаржы министрлiгi басшысының мәлiм­деуiнше, 20 ақпанға қарай тиісті заң жобасы әзiрленедi деп жоспарланып отыр. Инвестициялар және даму министрi Әсет Исекешев 2016 жыл­дың бiрiншi жарты­жыл­ды­ғында жолдардың құрылысы мен қайта жөндеуге қатысты халықаралық қаржы институттарымен қарыз туралы 11 келiсiмге қол қойылғандығын хабарлады. «Екiншi жартыжылдықтан бастап осы қарыз есебiнен бiрқатар жоба жүзеге аса бастайды. Қалған жобаларды 2017 жылдан бастап жүзеге асыру жоспарланып отыр. 2017-2019 жылдар кезеңiнде 200 мыңға жуық жұмыс орны ашылмақ», дедi Ә.Исекешев. Министрдiң айтуынша, барлық отандық өндiрiстер iске қосылады. «Цемент, жол битумы, энергоматериалдар, темiр-бетон өнiмдері мен басқа отандық өндiрiстер толығымен iске қосылады», дедi министр. Үкімет отырысында одан әрі Энергетика министрі В.Школьник, Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенова, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры» АҚ басқармасының төрағасы Ө.Шөкеев, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Қ.Бишімбаев баян­дама жасап, Үкімет басшы­сының бірінші орынбасары Б.Сағынтаев қосымша сөз сөйледі. Отырыс қорытындысында Пре­мьер-Министр ағымдағы апта­ның барысында бюджетке түзе­тулерді даярлауды тапсырды. Мұндай шаралар кеңейтілген Үкі­мет отырысында Мемлекет басшы­сының берген тапсырмалары аясында атқарылмақ. «Алдағы сейсенбіде қабылдау үшін осы аптадағы мақсат – бюджетке өзгертулерді даярлау. Яғни бұл жұмыстар қаржының барынша тезірек экономикаға бағытталуы үшін қажет», деді К.Мәсімов. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».