АСТАНА. 16 ақпан. Ресей астанасы Мәскеу қаласында қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, жыр алыбы Жамбыл Жабайұлының туғанына 170 тыл толуына орай әдеби-сазды кеш өтті. Бұл туралы 24.kz сайтына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Мәскеу ұлттар үйінде өткен кеште Жамбыл Жабайұлының өлеңдері оқылып, ақынға арналған күй тартылды. Сондай-ақ, көрермендер арнайы түсірілген бейнеүндеуді тамашалады. Ал мұндай игі шараны қазақ жастар одағы мен Қазақстанның Ресейдегі елшілігі бірлесіп ұйымдастырды.
«Жамбыл Жабаев – тек Қазақстан тарихында ғана емес, Кеңес одағына еңбегі сіңген ұлы тұлға. Тума талантының арқасында сол кезеңнің өмірін кереметтей суреттеген кемеңгер жан», – дейді Ресей Жаратылыстану ғылымдар академиясының мүшесі Дина Аманжолова.
«Жамбыл – Ленинград пен Сталинград қалаларын азат етуге айтулы үлесін қосқан адам. Оның отты шығармалары сол кездің өзінде-ақ, сарбаздарға жігер беріп, жеңіске қарай құлшындыра түсетін. Сондай-ақ, екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға сол кездің өзінде септігін тигізген», – дейді Ресей әдеби палатасының басшысы Георгий Брегман.
Аян Әбдуәли.
Дерек: 24.kz.
Сурет: massaget.kz.