Ұланы мен қыранын баптау жағынан келгенде қазақтан асқан халық төрткіл дүниеде кемде-кем шығар. Осы бір үлгі кеңес дәуірінде «кем-таланттардың» кертартпалығынан сиреп кеткен болатын. Бірақ қанында бар халық оны өткен ғасырдың 80-жылдарындағы жылымықта қайта жандандырған. Ұланы қыранын баптап, өзінде бар жақсылықты жұртқа танытқан. Сол үлгі жалғасып келеді. Өткен аптаның соңына қарай Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Сөгеті өңіріндегі Алатаудың бір сілемі саналатын Илантауда «Сонар-2016» жарысы ту көтерген еді. Сол соны сонарға кең-байтақ Отанымыздың батысы мен шығысынан, оңтүстігі мен солтүстігінен 60-қа жуық құсбегі өз қыранын қосқан еді. Қорытындысында бірінші орынды Қызылорда облысынан келген Сармат Әбдікәрімұлы, екінші орынды астаналық Арман Күнтуған, үшінші орынды қостанайлық Бергенбай Тастанбек еншілесе, қаршыға салудан бірінші орынды ақтөбелік Ақберен Құрманғалиев, екінші, үшінші орындарды жамбылдық Бақдәулет Бабажанов пен Берікбосын Жалғасұлы қанжығасына байлады.
Жүлде тапсыру кезінде Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев Сөгеті өңірінің көнекөз бүркітшілері Тоқтасын, Молдажан, Байжүніс кеңес дәуірі кезінде-ақ саятшылықты қолға алып «Жалайыр Шора» атындағы қоғамдық бірлестік құрғанын, қазір олардан тараған бірнеше ұрпақтан тұратын бүркітшілер мектебі қалыптасқанын атап өтіп, осы игілікті іске қаламгер Бағдат Мүптекеқызының ұйытқы болып жүргенін алға тартты.
«Егемен-ақпарат».
Суреттерді түсірген
Жұмабай МҰСАБЕКОВ.