ПАВЛОДАР. 16 ақпан. Ел Кубогы үшін өткен қысқы ралли-спринті жарысының 2 кезеңі өтті. Қатысушылар жоғары жылдамдық, трассаның кездейсоқ бұрылыстарынана сәтті өтіп, ауа райының құбылуына қарамай қызу бәсекелестік көрсетті. Жарыстың болып өткені жайында «Пегас» командасының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
«Самұрық-2016» ралли-спринтінің 2 кезеңіне қатысуға Астана, Қарағанды, Көкшетау, Павлодар, Өскемен, Семей және Омбыдан 47 экипаж келді. Жарыс жаңа маусымда 10 категорияда өтті. Олардың екеуі жаңа – Junior және ICE PRO. «Стандарт толық жетекті», «стандарт артқы жетекті», «стандарт алдынғы жетекті», «Самұрық-Junior – толық жетекті», «Самұрық-Junior – алдынғы жетекті», «Самұрық-Junior – артқы жетекті», абсолютті есеп және «ICE PRO моно» (бұдыры 1.5 мм спорттық жіңішке дөңгелек), «ICE PRO толық жетекті», «Абсолют ICE PRO». Елордалық №76 экипаждың командасы - пилот Андрей Амелин мен штурман Дархан Елубаев үшін екінші кезең сәтті өтті. Екінші уақытты №77 экипаж көрсетті. Қарағандылықтар – Мачкалян Борис/Мирзоев Сеймур. «ICE PRO толық жетекті» және «Абсолют ICE PRO» атты жаңа кластарда, экипаж Амелин/Елубаев екінші орынға тұрақтады. Олар мәре сызығына №9 экипаж мүшелері Санжар Омаров пен Руслан Жубасовтан 1 минут 10 секундқа қалып жетті. Ал командалық есепте «Пегас» командасы екі күндік тартыс нәтижесінде «стандарт» және «ICE PRO толық жетек» жарыстарында бірінші орынға ие болды. Команда құрамында Андрей Амелиннің экипажы да бар. Жарысты ұйымдастырушылар – «Sport Racing Club» Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру комитетіне, АвтоМото Спорт Федерациясына, Павлодар қаласының әкімдігіне алғыс білдіреді.
Енді «Самұрық-2016» ралли-спринтінің соңғы кезеңі наурыз айында Астанада өтеді.
Фарида Бықай.
Дерек, сурет: egemen.kz.