• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
18 Ақпан, 2016

Сандық технология – әлемдік дамудың айнасы

33635 рет
көрсетілді

Халықаралық шараның мақсаты – сандық технология­ларды өмірге дендеп енгізіп, оның әлеуметтік топтар саты­сын­дағы халықтың өміріне елеу­лі түрде тигізетін әсерін айғақ­тау екені биік мінберге шыққан сөйлеушілердің алғашқы сөзінен-ақ анық байқалды. «Сандық технологиялар қазіргі кезде әлемде кеңінен таралуда. Алайда, оларды пайдаланудың артықшылықтары, яғни сандық дивидендтер өмір­ден кешеуілдеп орын табуда. Көп жағдайда бұл технология­лар экономиканың дамуына, қызмет көрсету сапасын арт­тыруға септігін тигізетіні даусыз. Алайда, өкінішке қарай, олар­дан келіп түсетін дивидендтер бір­келкі таратылып жатқан жоқ», деді мемлекеттік секторлар саласы бойынша аға маман әрі баян­даманың тең авторы Захид Хаснайн. Өз кезегінде сөз алған Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев сандық технологияның экономикадағы бәскелестік пен тұрғындардың тұрмысын жақсарудағы атқаратын жетекші рөліне тоқталды. «Елімізде Елбасының тапсырмасы бойынша экономика мен әлеуметтік салаларда сандық жүйені жетілдірудің жаңа жобасы жасалыну үстінде. Оның ішіне кең жолақты интернетке барлық аумақта қол жеткізу, заңдық құжаттарды қайта қарау, мамандарды қайта даярлау секілді басқа да бағыттар кіреді. Елбасы атап өткендей, бұл бүгінгі күннің шындығы – сапалық өсімге мүмкіндік берер даңғыл жол.» Әлемдік маңызы бар жиында жаңа бағдарламаның Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі драйверлерінің біріне айналатындығы да атап өтілді. Ол – тұрғындардың кеңжолақты ғаламторға қол жетімділігін қамтамасыз ету, қоғамның сандық сауаттылығын арттыру және электронды үкіметті одан әрі дамыту екені баршаға аян жайт. Алматыда бас қосқан Дүниежүзілік банк сарапшылары Орталық және Оңтүстік Азия елдері ашық теңізге шыға алмағанмен мобильді телекоммуникациялық инфрақұрылымдарды жақсарту саласында едәуір ілгері қадам жасап үлгергенін де мысалға келтіруді ұмытпады. Сандық технологияның әлеуетті мүмкіндіктерін мейлінше кең пайдалану жолында Қазақстанға табыс тіледі. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан». Алматы.