• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
18 Ақпан, 2016

Телефон

1183 рет
көрсетілді

Әу баста ұялы телефон, адамдардың байланыс құралы ретінде, бір-бірімен тілдесу мақсатында пайдаланылып келгені мәлім. Алайда, уақыт өте келе, ол жаңарып, жаңғырып, тұрмысымыздың бөлінбес бөлшегіне айналып кетті... Қазір ұялы телефонның қызметіне жүгінбейтін кісі некен-саяқ. Өйткені, әрі тиімді, әрі ыңғайлы. Күнтізбесін, сағатын, есептегішін пайдаланасың, суретке түсіріп, бейнетаспаға басасың, таңдаған әніңді тыңдайсың, қалаған фильміңді тамашалайсың... әйтеуір, аядай дүниенің көмегімен атқарылмайтын шаруа жоқ. Мысалы, керек адамыңызды қай қиырда жүрсе де тез тауып ала қоятыныңыздың өзі не тұрады. Бірақ соған қарамастан, соңғы уақытта оған адамдардың тым тәуелді бола түсуі бұл мәселенің екінші жағы да барлығын ұмытпау қажеттігін еске салады.

Интернетке иілмеген жан

Қазір өзіңізді қызықтырған қан­дай да бір мағлұматты табу үшін та­рихтың түбін қопарып, кітапханаға таңертең кіргеннен, қас қарайғанда бір-ақ шығатын баяғыдай кез жоқ... Интернетте бәрі тұр. Деп ойлаймыз ғой баяғы. Оқып тауысқанша уақыт­тың қалай өтіп кеткенін білмей қалатын сүйікті кітабыңызбен салыстырғанда, бұл құрғырыңыздың барлық кезде ойы­ңыздағыдай болып шыға бермейтіні әзірге ешкімнің миына кірмей жүрген сияқты. Марқұм Әшірбек Сығай ағамыз бір көргенімізде күйініп отыр екен. Студенттің білім деңгейін тексермек оймен: «Шекспир қай жылы туған?» деп сынай сұрақ қойыпты. Ол: «1654 жылы 23 сәуірде туған» деп жауап береді. – Бұл деректі қайдан алдыңыз? – дейді профессор. Жігіт: «Интернетте солай жазылған. Сенбесеңіз, мінеки, қараңыз, «Goldlit» парақшасында тұр», – деп жалма-жан айфонын ұстазының алдына тоса қояды. – Келтірген дәйегіңіз қате. Кітаптан іздеп, дұрыс жауабын тауып келіңіз, – деп ұстаз баға қоймай баланы қайта­рып жібереді... Себебін сұрағанымызда, ағамыз қой­ған сұрағына жастардың жауапты телефондағы интернеттен іздейтін жаман әдетке бой ұрып бара жатқанына жабырқаған. – Мен шәкірттеріме ондағы жазыл­ған дүниелердің бәріне бірдей сене бермеңіздер. Одан гөрі кітапты кө­бірек оқыңыздар. Өйткені, кітаптан оқығандарыңыз мұнан әлдеқайда әсерлі, әлдеқайда дәл әрі сенімдірек деп кеңес беремін, – деген профессор күмәнінің бекер еместігіне ғаламтордағы кейбір кереғар деректер шүбәсіз сендіреді. «Уикипедияда»: «Шекспир 1564 жылы, немесе 1564 жылдың сәуірінде туған», «3 мамыр (23 сәуірде) дүниеден өткен» деп екіұшты дерек жазылса, ал «Шекспир.рф»-да «1616 жылы, 25 сәуірде Шекспир өсиеті заңды жолмен бекітілді», «дәл өзінің дүниеге келген күні, яғни 23 сәуір күні дүниеден озды» делінген. Интернеттегі тағы бір дерек бойынша, оның өлген жылы «3 мамыр (23 сәуір), 1616 жыл» деп көріп отырғаныңыздай, әр сайт әр түрлі санды алға тартады. Сонда нақты қай күні екені белгісіз. Тіпті, базбір шежірелер тура қай күні туғаны туралы ресми дерек жоқ деп жұмбақтайды. Туған жерінің өзін «Стратфорд-он-Эйвон», бір жерде «Стратфорд-апон-Эйвон», тағы бір жазбада «Стратфорд-на-Эйвон» деп әрқалай көрсетілген мұндай деректердің сөзсіз кез келген адамды қателікке бой ұрғызатыны, жаңсақтыққа жетелейтіні белгілі. – Ал, сіз өзіңіз қалай ойлайсыз, Шекс­­пир қашан туған? – дедік біз де әбден дәлдікке дәндеп алған адамша. – Мен «Үлкен Кеңес энциклопедиясына» сенемін,– деп еді театр тарланы сонда. «Бұл әңгімені ол кісі не үшін айтты?» деп әлі күнге дейін ой түбін түртпектеймін. Кітап оқып өскен ұрпақ пен телефон-интернеттен білім терген ұрпақтың арасындағы айырмашылық бәрібір жер мен көктей білініп тұра­ды. Ішкі түйсігіміз кітап оқитын заман қайта айналып соғады дейді. Теле­фонды-айфонды жасаушы мемлекеттерде неге онда том-том кітаптар ба­­сып шығарылуда, неге газет-журналдардан түбегейлі бас тартпайды... Телефонды тек сөйлесу құралы ретінде ғана пайдаланған ұрпақтың ойының дәлелді, сөзінің шымыр өрілетіні не­­­гізі білімнің тәтті сөлін олардың кітаптан татқандығынан болар-ау деген тұжырымға тірелдік.

«Алло, мен театрда отырмын»

Қаллеки театрының іші өте тар. Негізі, әу баста басқа мақсатқа жоспарланған ғимарат. Бірақ, естуімізше, осыған қол жеткізудің өзі оңайға соқпаған. Сон­дықтан залдың ана басында отырған адам мен мына шетіндегі көрерменнің әңгімесі түнгі дауыстай саңқылдап ес­тіледі. Осыдан хабары бар әлеумет тар жайда дабырласпай, дауыстарын сәл бәсеңсітіп, мейлінше театр мәдениетін сақтап отыруға мүдделілік танытады. Бі­рақ кейде театрға адамдардың не үшін келетінін түсінбейсің. Өйт­кені, спектакль басталғаннан-ақ зал­­дан телефонның түрлі әуендері сыңғырлап жарыса естіліп жа­тады. «Ұялы телефондарыңызды өшіріп қоюларыңызды өтінеміз» деп қиыла хабарланған ескертпеге елең ете қой­майтын неткен сабаздар өзі деген таңданыс та сол шақта туады. «Құдай-ау, ары кеткенде спектакль 1,5-2 сағатқа созылады. Осы аз ғана уақытта телефон­мен сөйлеспей шыдай тұрса, іштері жарылып кетпейтін шығар» деп, әлгі жағ­дайларға өзіңнің қалай қосыла күйзелгеніңді білмей қалатын сәттерің болады. Спектакльдің ең қызық жеріне келгенде құлағыңыздың дәл түбінен біреу: «Алло! Мен театрда отырмын» деп, сам­пылдай жөнелсе, түк сезбегендей, мән бермей отыра беру үшін жүйкесі темірдей қатты адам болуың керек шы­ғар. Қандай әдепсіздік орын алған жағдайда да өзіңізді сабырлы, салиқалы ұстай білгеніңізбен, әлгі кісіге жалт бұ­рылмауға әддіңіз жоқ. Әуелі, ол адамға бұрылып қара­ға­­­ныңыздың өзінде соншалық бір құдай ұрған біреу болмаса, ол қы­лығына ұялып, қызарар деген оймен шектелесіз. Қалталы телефонымен бірге басы үстелдің астына тығылып бара жатқан пендеңіз мұны сізге деген құрметтен деп ойласаңыз қателесесіз, ар жақтағы танысының сөзін анық ести алмағандықтан солай бүгілуге мәжбүр. ...Өмірдегі жай қарапайым әдеп-иба нормаларының бұзылуынан қо­ғамға жат, әдепсіз қылықтардың, әді­летсіздіктердің тамыр жая түсетіні заң­ды құбылыс. Автобуста, пойызда, көшеде, басқа да қоғамдық көліктер мен жерлерде, базарларда қылаң беріп қалатын кейбір түйткілдер өмірдің қалыпты бояу­лары тәрізді қабылдана беруі мүмкін, ал бірақ мәдениет ошағы – театрда ондай бейәдеп, бейбастақ көріністер көзге де, көңілге де оғаш түйілері хақ. Мәдениет ошағы ішіндегі мәйін мәдениетке қылау түсіретін теріс дағды көбіне ұялы телефонның сөндірілмеуі салдарынан туындап жатады. Театрды іздеп кіріп тұрған жанның ендеше осыған миы жетпеуі қалай?.. Салонда бейне-бір жалғыз өзі келе жатқандай телефонмен бүкіл автобусты басына көтеріп сөйлесетін кейбір жүргіншілерге қарадай қанымыз қайнайтын еді. Бәтір-ау, мынау киелі, қасиетті өнердің ордасы емес пе? Әдеп әліппесін үйренбеген кісі мұның табалдырығын аттап баспаушы еді ғой. Ал, енді қарап тұрсақ, әдепті әлімізге қарай әлпештеген бәріміз қазақтың баласымыз. Біз қашан телефонды мәдениетті тұтынатын өнегелі, өркенді өскен жұртқа айналамыз? Оны пайдаланғанда айналамыздағы екінші біреулердің сезіміне, көңіліне қаяу түсіріп алмауды қашан үйренеміз? ...Басын жай шырпып өткенмен, астындағы жуан тамырынан қайта қаулап өсе беретін арамшөп сияқты бұл да бір түбіне тереңірек үңіліп, назар аудармай болмайтын мәселе.

Балаңыздың қолындағы қауіп

Қолына ең қымбат телефон ұстаған адамды керемет мәртебе тұтып, үл­гіге айналдырып, ал арзан телефон тұ­тынғандарды сонысына қарай тө­мен бағалайтын, ондайларды өмірде бәрінен артта қалып қойған адам санайтын жат әдет пайда бола бастады жастардың арасында. Нақтырақ айтсақ, жасөспірімдер мен жастардың ортасында дендеген сондай дерттің күннен күнге бәсеңсімей, қайта, керісінше, өрши түсуі қынжылтады. Бұл да ештеңе емес, жоғары оқу орындары мен мектептерде осыларды бұғаулайтын, тәртіпке салатын заң болмай тұр. Етек жайып бара жатқан келеңсіздіктің бірі, мысалы мұғалім мен оқушы арасындағы түрлі қақтығысты жағдайларды сыртынан телефондарына түсіріп, интернетке салушылар – сол оқушылардың өз­дері. Сыныпқа оқушының әуелім ұялы телефон ұстап кіруі дұрыс па? Бұл қазіргі түйткілді мәселенің ал­дың­­­­ғы орнына шыққан жайт. Мұндай жағдайда мұғалімдер сабақ өтпес бұрын театрдағыдай: «Құрметті оқушылар, қалталы телефондарыңызды өшіріп қоюларыңызды өтінемін!» деп олардан рұқсат сұрап тұра ма? Бұл не өнеге! Сабақ үстінде ұялы телефоны интернетке қосулы баланың бар зейіні мұғалімнің айтқандарына ауа қояды дегенге де өз басымыз аса сеніңкіремейміз. «Оқушыларыма өз пәнімді қайтсем сүйдіртем, қайтсем алға сүйреп шыға­мын» деп шыр-пыры шыққан қарт ұстазды шәкіртінің қалай әжуаға айналдырып, ақыр соңында соққыға жыққанын да интернет иірімдерінен көріп жағамызды ұстағанбыз. Осы арсыздықты телефонына басып, көп­шілікке ұсынған бөтен біреу емес, сол мұғаліміне қол көтерген оқушымен бірге оқитын сыныптас құрбы-дос­тары. Мұндай өзге елде орын алып жатқан келеңсіз оқиғаны санасы жас шыбықтай солқылдақ біздің жас­өспірім балаларымыздың тәрбиелік мәні жағынан дұрыс қабылдай қоюы тағы екіталай. Өйткені, сыныптағы оқиғаларды оқушылардың «фейсбукке» салу әрекеттерінің бізде де үдемесе, азаймай тұрғаны соған нақты дәлел. Жақында тағы бір сойқан, әдепсіз бейнебаянға куә болдық. Жас мұғали­маның жүйкесі жүндей түтіліп, әлде­нелерді түсіндіріп әлек. Ал оқушы партасынан тұрмай отыр. Мұғалима байғұс қолын қайта-қайта сермеп, күйіп-піседі. Оқушының реакциясы қызық. Күле ме-ау, ыржалақтай ма-ау, жанындағы мұғалімді адам екен деп тұрған жоқ. Бұл да оқушы телефоны арқылы түсі­рілген «туынды». Кейде осындай сәттерді мектеп оқушыларының қалталы телефонға түсіруі олардың алдын ала ұйымдастырған жоспарлары бойынша жүзеге асырылып жатқан жоқ па деген күдікті ой келеді. Олай деуге себеп, көбіне мұғалімді кінәлі етіп көрсету басымырақ. Өздеріне ұнамаған, тым талапшыл, басқаша айтқанда, «қатал» мұғалімдермен есеп айырысу, кек алысу жолы ма деп те ойлайсың. Баяғыда сыртта бұзық болып көрінген балалардың өздері мектеп табалдырығынан аттай бере мұғалімнің алдында жібектей есіліп тұра қалатын. Мұғалім не айтса, сол заң еді. Ал мектепте арсыздық пен әдепсіздікке орын жоқ еді. Оқушы үшін мектеп, мұғалім деген ұғымдар асыл қасиеттер саналатын. Ұстаздың бетіне қарап қарсы сөйлеу үлкен күнә болып есептелетін... Желідегі әлгіндей сорақылықтарға көп­шілік қоғадай жапырылып, пікір жазып жатады. Біреу мұғалімді қорғайды, енді біреулер балаға араша түседі. Қан­ша адам – соншама пікір. Біз ойлаймыз ғой баяғы, мұндай шектен шығушылықты енді қалай тыюға болады, одан құтылудың тиімді жолы бар ма деп. Жолы – сыныпқа оқушылардың ұялы телефонмен кіруіне тыйым салу керек... Ал, оқушылардың қалталы телефонын қалай жинап алып, қай уақытта қолдарына тапсыру керек, мұны мектептің өзінің ішкі тәртібі мен ережесіне сай реттер болса, одан оқушы да, мұғалім де пайда көрмесе, зиян шекпес еді. Шынтуайтына келсек, қайда барсаң да телефонға шұқшиған жастарды кездестіресің. Өмірі тек сонымен өтіп жатқандар қаншама. Мектептегі қазіргі жағдай дабыл қағарлықтай. Аяқтарын тартпайтын мұғалімдерінің сабағында музыка тыңдап, бір-біріне хат жолдап отыратындар бар. Олар салған интернеттегі түсірілімдер соны айғақтайды. «Мұғалім 45 минут бойы жаңа тақырыпты түсіндіріп әлек болып жатса, оқушы бала партаның астынан ұялы телефон арқылы агентте отырады. Бірақ оны мұғалімдер көрмейді әрі сезбейді» деп жазады бір оқырман... Құлаққаппен телефонынан музыка тыңдап отырған баланың сыртқы пошымының өзі қорқынышты. Мына әлемнен тыс қиялдың жетегінде, мең-зең күйде кетіп бара жатады. Соның салдарынан көше ережесін бұзған кейбірін мәшине қағып кетті деген хабарды құлағың жиі шалады. Өмірдің шынайы бейнесін қабылдаудан қалу, яғни телефонмен оқшаулану – келешекке қауіп.

Сыйластыққа сызат түспесін

Естияр адамдардың ішінде де отырған жерінде айналасынан кірпідей жиырылып, телефонын шұқылап, түймесін басып отырмаса, басы ауырып, балтыры сыздайтындар баршылық. Олармен салыстырғанда, әлгі санасы қатпаған балаларға өкпе-ренішің жолда қалып қояды. Бірде көптен бері жолықпай кеткен бір танысым бас сұқты. Сырымыз, жырымыз ортақ болып кетпегенмен, бала кезімізден сыйластығымыз үзілмеген жандармыз. Хал-жағдай сұрасу, аман­дық білісу мұсылман баласының парызы емес пе? Ата дәстүр жолымен қолымыздан келгенше сыйластықтың барлық ишаратын жасауға тырысып бағатынымыз содан. – «Ананы көріп тұрасың ба, мынамен хабарласып тұрасың ба?», – деп біраз өзіміз білетін ортақ достарды түгендеп, таныстарымыздың жағдайын білісіп, әжептәуір әңгімелесіп тұрғанымызда кенет қалта телефоны шыр ете қалды. Әңгімеміз шорт үзілді. Қазір мына кісімен сөйлесіп болған соң, ары қарай тағы шүйіркелесіп әңгіме-дүкен құрармыз деп тұрған маған әлгі танысым «хош, сау бол» деп айтпастан есіктен шығып кете барды. Түк түсінбей соңынан қарап қалған мен кейін мұның мән-жайын білмек болғаныммен, «бар­лық пәле телефонның шырылынан шықты» дегеннен басқа себеп таппадым. Жаныңызда жайбарақат әңгіме соғып тұрған адам жарты жолда өзіңізді осылай елеусіз тастап кете барса, қандай ойда қаласыз? «Мүмкін телефонның ар жағындағы кісімен маңызды бір шаруасын шешіп алмақтың әуресімен кетті ме екен?» деген түйсікпен көңілдегі сызатты қанша жуып-шаймақ болғаным­мен, әлгі сәт бәрібір санамның саңылауынан сығырая береді. Мұндайда өзің куә болған жайтты ғана алға тосасың... Тойда отырмыз. Бір үстелдің басында бар-жоғы 7-8-ақ адам­быз. Сыйласып, талай қуанышты сәттерді бірге бөлісіп жүрген жандармыз. Кейде бір замандастарымыз қа­зақтың тойын сынап-мінеп шыға келеді. Банктен қарыз алып той жасайтын қазақтан асқан өз есебіне шорқақ халық жоқ, дейді. Босқа шашып-төккен дарақылықты тыю керек, деп ақыл-кеңес айтқанда, алдымызға жан салмайтын айбарымыз тағы бар дегендей. Кім білген, орынды сын да шығар. Бірақ өз басым тойды қазына деп қадірлейтін топтанмын. Көптен көрмеген туыс-жақыныңмен қауқылдасып, амандығын білісіп, мейірімге суарылғаннан асқан не бар?! Той – қазақтың салт-дәстүрінің барлық қасиеті көрініс табатын думан ғой. Жаңа айтып өткенімдей, әсем әуен әуелеп, көңіл-көлінен мейірім қан­дырған қандай тәтті. Бірақ... осы жерге де телефонның «ауруы» жайыла бастапты. Дастарқан басындағы өзіңмен табақтас адамдардың телефонымен әуреленіп, әлдекімдермен хат жазысып отырғанына куә болудан ыңғайсыз нәрсе жоқ екен. «Телефондарыңды ен­ді көрдіңдер ме, шұқылай бермей, қойыңдар» деп ескертіп тастайын десең, өзің сияқты бәрі ересек адамдар әрі әлденеге себеп іздеп отырған жандай көрінесің. Ал, енді бірақ олай етпесең, өзіңді сыйламай отырған, бұл қылығы үшін жанындағылардан қысылып, ұялуды білмеген олардан сен неге соншама тартқыншақтауың керек? Мұнымен айтпағымыз не? Бізде сол ұялы телефонды ұстаудың мәдениеті толық қалыптаспаған. Бала-шаға болса бір сәрі, той-жиында үлкен ересек адамдардың телефонды қайта-қайта шұқылай бергенін сырттай бақылап отырсаң, бір түрлі оғаш қылық болып көрінеді екен. Тере берсеңіз, мұндай келеңсіз жайттар жетіп артылады. Бір үстелдің басындағы қос құр­бының бір-біріне «смс» жазысқанын байқағанымызда, қарадай шошыдық. Не өнер бұл? Сол жерде жазылмаса күйіп бара жатқан ол не тірлік? «Біздің осы түрімізді сыртымыздан қарап отыр­ған жұрт не дейді-ау, сынайды-ау» деп, көпшіліктен ығу, бұғу ойларына кіріп-шықпаған оларға не деп өкпелейсің. Ортадан бөлініп, қиялы қыр асып кеткен телефон иесінің сондай сәттегі пошымын толық суреттеудің өзі қиын. Үш-төрт адамның басы қосыла қалған ортадан, әйтеуір, біреуі осылай дағдыланған. Ауа жайылып бара жатқан мұндай өрескелдік өкшесінің жерде ізі қалмауы үшін біздің бір әңгімемізден түк те шықпауы мүмкін. Ол үшін бұл балабақшалардан бастап, мектептерде, жоғары оқу орындарында, жастар арасында тәрбие сағаттарының басты тақырыбына айналуға тиіс. Өйткені, баланы кішкентай күнінде бетімен жіберіп алғаны үшін ата-анасының кейінірек, ол ер жеткенде опық жейтіні сияқты, телефон тудырған келеңсіздіктің кеудемізді басып, жағамыздан ала түсуіне де өзі­міз кінәліміз... Ешкімнен кем етпеуге тырысқан түрмен қарызға алсақ та, баламыздың қолына ең қымбат ұялы телефон ұстатамыз. Бір танысым: «Менің бір туыс інім бар. Сол үйге түскен келініміз қолынан соткасын тастамайды. Үй-ішіндегі болып жатқан барлық оқиғаларды, тіпті, ең арғысы, ішкен асына дейін суретке түсіріп, әлеуметтік желіге салу­ды әдетке айналдырған. Олардың жағ­дайын білу үшін үйлеріне арнайы ба­рудың қажеті жоқ, өйткені, мұны көп­шілікке күнде жария етіп отырған адам бар. Міне, келініміздің селфиі» деп әлеуметтік желідегі түп-тұқиянына де­йін салынған суреттерді көрсете бас­тап еді, оған соншалық қызығушылық таны­та қоймадым... Телефонның бетіне қарағым келмей, теріс бұрылдым. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».