Сұлулық шіркін, көздің құрты. Жақсы бұған сүйсініп қараса, жаман көзінің сұғын қадайды. Сонан соң, қарау жандар сұлулыққа сұранысы жоғары тауар ретінде қарайды. Иә, тән саудасы бүгінгі күнде нән бизнеске айналған. Қарағандыдағы жаға ұстатқан оқиға осылай деп айтпасқа лаж қалдырмайды.
Кеншілер астанасындағы модель агенттігінің директоры ай десе аузы бар, күн десе көзі бар аруларды апта сайын топ-тобымен Бахрейн корольдігі мен Біріккен Араб Әмірлігіне жіберіп отырған. Араб елдеріне аттанған қыздардың ішінде осалы жоқ екен. Шетінен қарасаң көз тоймайтын көріктілер көрінеді. Араларында кәмелет жасына толмағандары да бар. Мәселен, 15 жастағы бір қызға анасының өзі сенімхат жазып беріпті. Шашы ұзын, ақылы қысқа бала да ол жақта тек қана суретке түсіп, сән бизнесімен айналысамын дегенге имандай сенген ғой...
Енді бұл қыздар алыстағы Арабияда не жоғалтты десеңізші?! Сөйтсе, модель болуды мақсат еткен қыздарды жат жердегі ниеті теріс қылмыстық топ жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеп отырған.
Таяуда шетелге қыздарымызды арбалап аттандырып отырған 24 жастағы алаяқ қыз – модель агенттігі директорының соты басталды. Сот белгілі себептерге байланысты, жабық есік жағдайында өтуде.
Онда айыпталушы айылын жимай, өзін ақтауға тырысып жатыр. «Мен ешкімді де еркінен тыс ешқайда баруға мәжбүрлеген жоқпын. Қыздардың бәрі шетелге өз еріктерімен кетті. Оларды ұшаққа ешкім де күштеп отырғызған жоқ. Келген жерінде олар модель болуды немесе жезөкшелік жолды өз еріктерімен таңдады», – деп айтқанынан қайтпады.
Өзі де кезінде талай сән байқауларына қатысып, бұл саланың қулық-сұмдығына әбден төселіп алған күдікті қызға Қылмыстық кодекстің 128-бабының 3-тармақшасы бойынша «Адам саудасы» қылмысы бойынша айып тағылған.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.