• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
18 Ақпан, 2016

Ұлттық музейде ғарыш залы ашылмақ

266 рет
көрсетілді

Бұл туралы қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровпен болған кездесуде айтылды Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, техника ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар Әубәкіровпен кездесу болып өтті. Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай уақыт тауып келгені үшін ғарышкерге алғыс айта отырып, бұл кезде­судің маңызын таратыңқырап айтты. «Бүгінгі кездесудің басты мақ­саты қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкермен сырласып, отандық ғарыш саласының өткені мен болашағы жайлы әңгімелесу болып отыр. Біз патриотизм дегенді жиі айтамыз. Ал шын мәнінде сөзімен және ісімен, бүкіл жан-дүниесімен патриоттықтың үлгісі деп осы Тоқтар Әубәкіровті атауға болады. Біз болашақта ғарыш әлеміне байланысты Ұлттық музейден арнайы зал ашсақ деп отырмыз. Сол залдың құрылымы және болашақ жұмысы жайында да ғарышкермен ақылдасып отырмақпыз», – деді Д.Мыңбай. Одан әрі Тоқтар Оңғарбайұлы өзіне тән ақжарқындықпен риясыз әңгіме толғады. «Биыл ғарышқа көтерілгеніме 25 жыл толады. Осынау жауапты миссиядан сүрінбей өтуіме ең басты себеп – қазақ халқының маған деген кіршіксіз құрметі мен селкеусіз сенімі. Мен халқым үшін ұштым және сол үшін де үлкен құрметке бөлендім. Қай жерге барсам да «Біздің батырымыз келді», «Тұңғыш ғарышкеріміз келді» деп қарсы алады. Сол жұрттың рия­сыз көңіліне дән ризамын. Мен қазақтың ұлан-ғайыр даласын ғарыштан көріп, қадірін әбден ұғынған адамның бірімін. Сондықтан, жастармен кездесе қалған жерде Отанымызға деген құрмет, адалдық тақырыптарында көбірек айтқанды ұнатамын. Ал­дымда екі бала отырса да сөйлей беруге дайынмын. Бастысы, ол екеуінің Қазақстанға деген махаббатын, ата-бабаларымыздан қалған жерге деген құрметін арттыра білсем, уақытымның бос кетпегені. Жас кезімде мектептегі кітапханадан шықпайтынмын. Сондағы бар кітапты оқып тауыстым. Десе де, көп дүниеге қол жете бермейді. Ал қазір бәрі бар, кім қандай кітап оқимын десе, қайда оқимын десе, көп мүмкіндіктерді пайдалануға болады. Жалпы, адам баласы білім алуға ешқашан шаршамау­ы керек. Ол кішіге де керек, үлкенге де керек», – деді Т.Әубәкіров. Халқының сүйіктісіне айналған Халық қаһар­манымен болған кездесу өте әсерлі өтті. Ғылыми қыз­меткерлер мен университет сту­денттері ғарышкер ғибратына дән риза болып тарқасты. Назар ҚАСЫМ.