«Батыр болсаң жауға найзаң тисін, бай болсаң елге пайдаң тисін, екеуін де жасамасаң жұрттан бөлек тіккен үйің күйсін» деген екен қазақтың атақты билерінің бірі Әйтеке.
Ауырлау сөз, қатал үкім. Бірақ, негізсіз емес. Жалғыз шауып батыр болмайсың. Батыр – бір оқтық. Ер қылатын да, ез қылатын да қасыңдағы қараша, алқалаған жұртың. Бай болсаң ормандай еліңнің арқасында, өз елің, өз жеріңде малды болдың. Тілеуіңді тілеген жұртыңа артық дүниеңнен бөліссең алғыс аласың, ісің алға жылжиды.
«ЖаңаАрнаҚұрылыс» серіктестігінің директоры Мағауия Тұрысбеков осылай пайымдайды.
Мамандығы – тарихшы. Тоқсаныншы жылдардың соңында Мағауия Сексенбайұлы институт қабырғасынан түлеп ұшқанда дағдарыстың дендеп тұрған шағы еді. Жас баладай аяғын әлтек-тәлтек басқан жас мемлекет қайда бағдар ұстарын білмей мықты мемлекеттерге жаутаңдап қарап жүрген шағы. Құлаған өндірістен мықты инженер кетті. Аурухана мен мектепте де жағдай қиын. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кетіп жатқан шақта алғыр жас қайратына мінген. Жеке кәсіпке ден қойды. 2000 жылы «Сырым» ЖШС-ін ашты.
Әртүрлі мемлекеттердің даму жоспарын ой елегінен өткізіп, үйренетінін үйреніп, аяғынан нық тұрған Қазақстанмен бірге сол елдің бір кірпіші – Мағауия Тұрысбековтің де кәсібі өрге өрлеген.
Бүгінде ол басқаратын «ЖаңаАрнаҚұрылыс» серіктестігінде 100-ден астам қызметкер бар. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге тәжірибелі маман, қажетті техникалары сай. Мемлекеттік сатып алуда көшедегі көлденең көк атты емес, барлық керек-жарағы сай, жеңіп алған нысанды уақытында әрі сапалы салатын мердігер жеңіске жетеді.
«ЖаңаАрнаҚұрылыс» ЖШС бұл жағынан қамшы салдырмайды.
Қазақстан тек шикізаттың Отаны болып, одан түскен табысты малданбауы керек. Елімізге өңдеуші, өндіруші мықты кәсіпорындар қажет. Елбасының ертеден айтып келе жатқан сөзіне мән беріп, ойын айтқызбай түсінген Мағауия бүгінде «Оңтүстік» индустриялық аймағынан жер алып, медициналық қолғап шығаратын кәсіпорын құрылысын бастап кетті.
Әкесі Сексенбай аға кезінде шаруашылықтарда басшылық қызметте болған, бүгінде ел кесіміне тоқтайтын көшелі кісі. Анасы – Үрзада жас ұрпаққа білім нәрін сепкен ұстаз. Осындай өнегелі отбасыдан шыққан Мағауия өзі туып-өскен Созақ өңіріндегі қайырымдылық ісінен бір рет сыртқары қалған емес. Қамкөңіл, тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік жіберіп тұрады.
Бүгінде «Нұр Отан» партиясы Созақ аудандық филиалы орналасқан ғимаратты да қазақтың атпалдай ұлы Мағауия Тұрысбеков партияның кезектен тыс XVI конференциясында тарту еткен.
Бірақ, мұндай қайырымдылық істерін көпшілікке жария етуді жаратпайды. «Сүйер ұлың болса сен де сүй, сүйінерге жарар ол» деген осы.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.