Алдымдағы жігіттің бой-бітімі таныс көрінді. Есіме енді түсті. Бұл анау бір жылдары газет тапсырмасымен «Тәуелсіздік құрдасы» айдарына мақала жазатын Ваня Лебедев қой. Өте талантты жас. Кәдімгі «жігітке жеті өнер де жарасадының» дәл өзі. Мектепті үздік бітіріп, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде грантпен оқып жүрген...
Бойын қанша тік ұстауға тырысқанымен, сылтып басады. Қуып жеттім. Танып жатыр. Қолымызды қатты қысып амандастық. Хал-жағдайын сұрағанымда, «Бәрі де артта қалды» деген сөзімен көп мағына аңғартты. Қазбалап жатпадым. Жайлап басып қала жастарының «Консалтинг орталығына» кіріп кетті.
Сұрастырып білдім. Университетті 2013 жылы «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша тәмамдапты. Сол жылы магистратураға түсіп, 2015 жылы техника және технология магистрі атанған.
Тағдырдың тәлкегіне не шара. Ваня Лебедев классикалық би жаттығуынан келе жатқанда, алакөлеңкеде бұзақылардың қоқан-лоқысына ұшырайды. Тәп-тәуір спортшыға әлдері келмейтінін білген әлгілер бірнеше жерден пышақ салыпты. Ауруханаға ес-түссіз жеткізілген. Дәрігерлер консилиумы жедел ота жасап, оның аяғын кесуге шешім қабылдаған.
Жантүршігерлік оқиға жас жігіттің жігерін мұқалта алмағанын нағыз ерлікке балауға болады. Ерлік дейтініміз, ол оқуын жалғастырумен қатар, спортпен жан аямай айналысты, қоғамға пайдалы болуды ойлады. Бүгінде Иван Лебедев қимыл-тірек жүйесі зақымданған спортшылар арасында аты алдымен аталатын азаматқа айналған. Ол пауэрлифтинг және көпсайыс жарысы бойынша 2014 және 2015 жылғы облыс чемпионы. Сондай-ақ, Талдықорған қаласында өткен Қазақстан чемпионатында II және III жүлделі орындарға ие болса, Павлодар қаласында болған Қазақстандық параолимпиадалық ойындарында II орынды жеңіп алыпты.
Иван өзінің еңбек жолын «Көкшетау қалалық ақпараттық кітапханалар» коммуналдық-мемлекеттік мекемесінде бастаған екен. Бірақ, әртүрлі жағдайларға байланысты үйінде екі жылдан астам жұмыссыз отырыпты. Осыдан екі ай бұрын ол күтпеген жерден қалалық жастар ұйымының Консалтингтік кеңес орталығынан шақыру алған. Сынақтан мүдірмей өткен Иван Лебедев қазір информатика және жүйелік технология маманы қызметін атқаруда.
Біз оны өзінің сүйікті кәсібінде табысты болуына тілектестік білдіріп, Консалтингтік кеңес орталығының ұжымына алғысымызды айттық.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.