• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
18 Ақпан, 2016

Ұлттық қолөнерге сұраныс көп

533 рет
көрсетілді

«Демеу» қорының қай­тарымсыз несиелеріне қол жеткізген қармақшылықтар кәсіптерін дөңгелетіп жатыр. Жал­пы, ауданнан конкурсқа 215 өтініш тапсырылса, соның ішінде 40 жоба қолдау тапқан. Енді аймақта тігін цехтары ашылып, үй құстарын көбейту қолға алынып, шағын шаруашылықтар мен кәсіп нысандары да ашылатын болады. Қармақшылық Жадыра Тұяқбаева 2014 жылдан бас­тап шағын тігін шеберханасын ашып, қазіргі таңда халық­қа қызмет көрсетіп келеді. Не­гі­зінен көрсететін қызмет түр­лері қазақы ою-өрнек арқылы көр­пеше, жастық жасау, қыз баланың жасауы және тағы да басқа қолөнер түрлері. Қазіргі таңда осы кәсібін әрі қарай дамыту мақсатында «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы «Демеу» грантын «Тігін шеберханасын дамыту» жобасы бойынша ұтып алды. Ақжар ауылының тумасы Жадыра Жүсіпбекқызы ұлт­тық тәрбие мен тәлімге сусын­дап өскен жан. Ес білгелі ана­сының тігін машинасымен киім жөндеп, көрпеше құрап жататынын көріп өскен қаршадай қыз қуыршақтарына сәйкесінше көйлектер пішіп, жастығы мен көрпесіне қамтып қояды екен. Жадыраның ұлттық қолөнерге деген қызығушылығы осылайша бала кезінен бастау алған. – Анамның тіккен киімдерінен қалған маталардан әртүрлі пішінде қол сөмкелер тігіп алып, мектепке ұстап барғанымда құрбыларым қызыға да қызғана қарайтын. Өсе келе Жаңа жыл, күзгі кештер­ге көйлектерiмді өзім тігіп киетін болдым. Анама киім сатып әпер демеймін, өз ойымдағыдай етіп өзім тігіп шығатынмын. Әрине, бірден бәрі керемет болған жоқ. Себебі, менің қолыма ине мен жіп беріп ешкім киім тік, тоқы демеді. Анам мұғалім бол­­­­­ға­нымды қалады. Мектеп бітіргеннен кейін Сарыағаштағы педагогикалық колледжде оқып, бастауыш сыныптың мұғалімі мамандығын алдым. Оқу бітірі­сімен Жосалы кентінің тума­сы Бекнияз есімді жігітке тұр­мыс­қа шықтым. Келіндік, аналық міндеттерімді абыроймен атқарып келемін. Ата-анамдай болған ата-енемнің қолында 12 жыл тұрып өз еншімізді алдық,– дейді ибалы келін. Енесі Қуантай да ісмер жан екен. Келініне ақыл-кеңесін айтып, білгенін үйретуден жа­лық­пайтын көрінеді. Жадыра 3 баланың анасы. Үйден тапсырыс қабылдап тігін тігіп жүрген қолөнер иесі былтыр өз күшімен керекті құралдарын, жарақты тігін машинасын сатып алып, ша­ғын шеберхана ашыпты. Өзі тапсырыс қабылдайды, тігеді, өзі сатушы. – Наурыз мерекесі жақын­дағаннан балабақшалар мен мектеп оқушыларынан ұлттық киімдерге тапсырыс көптеп тү­седі. Барлығын дер кезінде, сапалы орындау менің міндетім. Сондықтан, күндіз-түні жұмыс істеудемін. Тапсырыс берушінің ойындағыдай етіп тігуге тырысып бағамын. Барлығы дайын затын алып кетуге келгенде қуанып, көңілдерінен шығып, ақысын ренжімей беріп кетеді. Мұның өзі маған күш береді. Барыңды бағалай білгендерге, еңбегіңді ескеріп, алғысын айтқандарға қуанасың. Мен дайын оюларды пайдаланбаймын. Себебі, олардың сапасы көңіл қуантарлық емес. Тез түсіп қалып жатады. Сон­дықтан, барлығын өз қолым­мен ойып, жапсырамын. Оюлар дайындау уақыт алады, көп ойлануды талап етеді. Оған көбіне қызым Айшара көмектеседі. Киіз де баса аламын, ши де тоқимын, киіз үйдің барлық керекті жаб­дықтарын тігуге, жалпы, кімнен қандай тапсырыс түседі – қолдан келгенше соның барлығын орын­дауға тырысамын. Ізденемін. Жас бола тұра білмеймін, жасай алмаймын, қолымнан келмейді деп айтуға ұяламын,– дейді кәсіпкер келіншек. Иә, тігін тігу, ұлттық өнерді дәріптей білу ең бірінші ептілікті, ұқыптылықты, шыдамдылықты талап етеді. Көздің майын тауысып, жеті рет өлшеп, бір рет ке­сетін мамандық түрі тігін­шілікті оқымай-ақ үйреніп, кәсіп еткен Жадыраның бұл тірлігі жастарға үлгі. Бүгінде ол мемлекет тарапынан қолдау тауып, кәсібін кеңейтуді көздеп отыр. Саусағынан өнері тамған жас кәсіпкердің кәсібіне нәсіп тілейміз. Айта кетейік, «Демеу» грант­­­тары халықтың әлеу­мет­тік тұрғыдан әлсіз топтарына, көпбалалы аналарға, жұ­мыс­сыздар мен мүгедектерге беріліп отыр.  Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.  Қызылорда облысы.