• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Ақпан, 2016

Өңірлік штаб жұмысын бастады

348 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінде Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның өңірлік орталығы құрылғаны бойынша брифинг өтті. Жиынға қоғамдық комиссияның өңірлік басшысы Досыбай Шерімқұлов пен облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Алтынбек Кәттебеков қатысып, тәуелсіз өңірлік орталық қызметіне байланысты жоспарларымен бөлісті. Д.Шерімқұлов қоғамдық ұйым лайықты азаматтардан жасақталғанын айта келіп: «Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 1074 сайлау учаскесі болса, соның барлығына байқаушылар белгіленіп, олардың бәрі оқу-тәжірибеден өтеді. Мақсат – Парламент Мәжілісінің және жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлау жұмысының елімізде бекітілген заң аясында өтуін қадағалау. Сондай-ақ, қалың көпшіліктің өз еркімен таңдауына мүмкіндік беру, сайлаудың жоғары деңгейде ашық және әділ өтуін қамтамасыз ету», – деді ол. Өңірлік орталықта құрамы төрт адамнан тұратын штаб құрылды. Штабтың басты міндеті – кезең-кезеңімен брифингтер, семинар-тренингтер, нұсқаулық жиындар өткізіп, байқаушылардың функционалды міндеттерін түсіндіру. Саяси партиялардың штабтарында болып, олардың сайлауалды дайындықтарын байқау, сайлауды жоғары деңгейде өткізу жөнінде пікір алмасу. Ал А.Кәттебеков сайлауға түсуге ниетті 1279 үміткердің 193-і облыстық мәслихатқа, 294-і қалалық, 792-сі аудандық мәслихатқа талаптанып отырғанын айтты. Оның ішінде «Нұр Отан» партиясынан – 313, «Ауыл» партиясынан – 22, «Ақ жол» партиясынан – 8, «Бірлік» партиясынан 1 үміткер бар екен. 935 азамат өзін өзі ұсыныпты. Құдай қаласа, депутаттық мандатқа ие болсам деп екі алақанын ысып отырғандардың ішінде 93 нәзік жандылар бар. Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық ко­миссияның өңірлік басшысы До­сыбай Айтбайұлы сайлау нау­қанындағы кез келген даулы мәселе заң аясында шешілетінін кесіп айтты. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.