Алмалы аудандық №1 округтік сайлау комиссиясы қалалық мәслихаттың депутаттығына нұротандық үміткер, белгілі ғалым Рахман Алшановтың үміткерлік құжаттарын қабылдады.
Сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнар Мұсақұлова №1 округ бойынша бұған дейін құжат тапсырған екі үміткердің заңды түрде тіркелгенін айтты. Олар – Қазақстан Республикасы Бильярд спорты федерациясының өкілі Нұрсұлу Ембердиева мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының кафедра меңгерушісі Зере Шәкәрімова. Үшінші болып құжат өткізген «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшановтан сайлауалды талаптарына сәйкес, өтініші мен төлқұжатының және «Нұр Отан» партиясының мүшесі екендігін растайтын куәлігінің көшірмесі қабылданды.
– Енді үшінші үміткеріміздің осы құжаттарына сүйене отырып, көші-қон полициясы мен бас прокуратураға сайлау талаптарына сәйкес сұрау саламыз, – деді Гүлнар Төлендіқызы. – Тағы бір ескеретін жайт, ол іс-әрекетті электронды байланыс жүйесімен орындауға болмайды, тек қана өз қолымызбен алып барып, көзбе-көз расталған құжаттар аламыз.
Өз кезегінде сөз алған үміткер Рахман Алшанов:
– Біздің Алматы – өте үлкен мегаполис, мұнда бүгінгі таңда атқарылатын іс-шаруа өте көп. Қалада тіркелген миллионнан астам сайлаушының үштен бірі – жастар. Жастардың мүддесі – болашақтың мүддесі. Қалалық мәслихаттың сайлауына осымен екінші рет қатынасып отырмын. Бұл жолы да менің кандидатурамды «Нұр Отан» партиясы ұсынды. Қарсылық білдірмедім, – деді.
Үміткердің құжаттарын өткізу рәсіміне оның сенім білдірілген адамдары мен «Нұр Отан» партиясының өкілдері және БАҚ өкілдері қатысты.
Еске сала кетер бір жайт, Алматы қаласы бойынша бүгінге дейін қалалық мәслихат депутаттығына 37 кандидат тіркелді.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.