• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Ақпан, 2016

Барлығы заң аясында жүргізілуі тиіс

449 рет
көрсетілді

Облыстық ішкі саясат басқармасында Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары мәселелеріне арналған семинар-кеңес болды. Оған саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдері, облыстық және қалалық мәслихаттарға тіркелген үміткерлер, қалалық және аудандық аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары қатысты. Семинар-кеңес барысында барлық қатысушылардың сайлау үдерісінде, соның ішінде, сайлау­алды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде сайлау заңдылығы нормаларын мүлтіксіз сақтауы, сайлау науқанын материалдық-техникалық және қаржылық қам­тамасыз ету мәселелері талқы­ланды. Облыстық сайлау комис­сия­сының төрайымы Гүлнар Күн­баеваның айтуынша, сайлау науқанында 526 сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады. Облыста құрылған 744 сайлау комиссиясында 5208 мүше бар. Облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттар депутаттарын сайлау үшін қазір 14 аумақтық және 204 округтік сайлау комиссиясы белсенді түрде жұмыс істеуде. 31 облыстық, 23 қалалық және 150 аудандық сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Сайлауға тура бір ай қалғанда учаскелік сайлау комиссиялары өз жұмысын бастайды. Бұқаралық ақпарат құрал­дар­ында сайлау округтері мен учас­келерінің шекарасы, сайлау комис­сияларының құрамы туралы деректер жарияланды. Үстіміздегі жылғы 15 ақпан­дағы мәліметке сүйенсек, облыс бойынша 642 үміткер ұсыныл­ған, олардың 226-сы саяси пар­тиялардың өкілдері. «Нұр Отан» партиясынан – 204, «Ақжолдан» – 12, Қазақстан Коммунистік ха­лық партиясынан – 5, «Ауыл» пар­тиясынан – 4, «Бірліктен» – 1, ардагерлер қоғамдық бірлестігінен 2 үміткер бар. Қалғандары өзін өзі ұсынғандар. Семинар-кеңесте сөз алған облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Елеусіз саяси науқанға дайындықтың тиянақты жүргізіліп жатқанын тілге тиек ете келіп, сайлау үдерісін мате­риалдық-техникалық және қар­жылай қамтамасыз ету бағытында ешқандай проблема жоқ екенін жеткізді. Облыстық ішкі саясат бас­қармасы басшысының орынбасары Ермек Тауанов сайлау үдерісіне қатысушылардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізудің заң талаптарына сай болуына жағдай туғызылғанына тоқталды. Ал семинар-кеңесте «Сайлау туралы» заңнаманың қағидаттарын қатаң сақтауға байланысты басқа да мәселелер байыптылықпен талқыланды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.