Орталық сайлау комиссиясының кешегі отырысында ОСК Парламент Мәжілісінің партиялық тізімдер бойынша сайланатын депутаттарын сайлауда саяси партияларға дауыс беруге арналған сайлау бюллетенінің мәтінін бекітті және сайлауды байқау жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының тағы 28 байқаушысын аккредиттеді.
Бірінші мәселе бойынша құжат жобасымен Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос таныстырды. Оның атап өтуінше, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 12, 24 және 37-баптарына сәйкес ҚР ОСК 2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша сайлау комиссияларына ұсынылған сайлаушылар туралы мәліметтерге сай дайындалуға және сайлау учаскелеріне жеткізілуге тиіс сайлау бюллетеньдерінің саны Қазақстан Республикасындағы сайлаушылардың жалпы санының 1 пайызы резервін қосса мынадай болатынын белгіледі: бірінші – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы бойынша – 9889075 дана; екінші – Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауы бойынша – 18321969 дана.
Құжат жобасы Комиссия мүшелерінен қолдау тапқан соң, «2016 жылғы 20 наурызға тағайындалған Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы бойынша саяси партияларға және мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауы бойынша дауыс беруге арналған сайлау бюллетеньдері туралы» қаулы қабылданды.
Отырыста, сондай-ақ, Ортсайлауком саяси партияларға дауыс беруге арналған сайлау бюллетенінің мәтінін бекітіп, сайлау бюллетеньдерінің қорғалу дәрежесін белгіледі. Облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары сайлау бюллетеньдерін сайлау учаскелеріне уақтылы жеткізуді қамтамасыз етуі тиіс.
Отырыс барысында ОСК екінші мәселе – «2016 жылғы 20 наурызға тағайындалған Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына және мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауына халықаралық ұйымның байқаушыларын аккредиттеу туралы» қаулыны да қабылдады. Аталған қаулыға сәйкес Ортсайлауком Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша сайлауды байқау жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының тағы 28 байқаушысын аккредиттеді. Ортсайлауком шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді 2016 жылғы 14 наурызға дейін жүзеге асырады.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».