Жақында Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, ЭКСПО-2017-нің Комиссары Рәпіл Жошыбаев бастаған қазақстандық делегация жұмыс сапарымен Бельгия Корольдігінде болды.
Сапар барысында Бельгияның Валлония аймағы іскер топтарының жетекшілерімен және өкілдерімен кездесулер өткізді. Валлония аймағы үкіметі басшысының орынбасары, экономика, білім, коммерция және жаңа технологиялар министрі Жан-Клод Маркурмен өткізілген келіссөздер барысында екі ел арасындағы ынтымақтастық байланыстардың болашағы тілге тиек етілді. Кездесу кезінде Р.Жошыбаев ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық барысы туралы кеңінен әңгімелеп, бельгиялық бизнесмендерді халықаралық көрме жұмысына қатысуға шақырды.
Тараптар бельгиялық компаниялардың «жасыл» энергетика саласындағы ынтымақтастығы Қазақстан және Бельгия арасындағы экономикалық байланыстарды жаңа деңгейге көтеретіндігін атап көрсетті. Бельгиялық министрдің айтуы бойынша, Корольдік 2050 жылдары елдің бүкіл энергетикасын жаңғырмалы қуат көздеріне көшіру жөнінде аса жоғары жоспар қабылдағандығын тілге тиек етті. Осы жаңғырмалы энергетиканы дамыту жөніндегі ұлттық жоспарға байланысты 2020 жылы Бельгияның барлық энергетикалық қуатының 13 пайызы баламалы энергетика көздерінен қамтамасыз етілетін болады. Осы орайда Ж.-К.Маркур Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі шеңберінде бельгиялық компаниялардың «жасыл» энергетика саласындағы тәжірибесімен бөлісетіндігін айтты.
Сонымен бірге, сапар барысында Р.Жошыбаев Валлонияның «жасыл» экономикасын дамыту жоспарына қатысушы ірі және ұсақ кәсіпорындарды, университеттерді, зерттеу орталықтарын және оқу бірлестіктерін бір орталыққа біріктіретін «Green win» атты ұйымда болды. Осы жерде ол жиналған іскер топтар өкілдерін Қазақстанда бизнесті дамыту үшін жасалып отырған мүмкіндіктермен жан-жақты таныстырды. Қазақстан Үкіметінің инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында іс жүзіне асырып жатқан тиімді шараларын тілге тиек етті. Кездесулер қорытындысында бірқатар бельгиялық компаниялардың басшылары Астана қаласында өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға қызығушылық танытты.
Ұлан САНЖАР.