АЛМАТЫ. 17 ақпан. Германияның Мюнстер қаласында өтіп жатқан Klang Zeit Münster халықаралық классикалық музыка фестивалінде 17 жастағы қазақ композиторы әрі пианиношы Рахат-би Әбдісағин жеке концерт қойды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Әлемге танымал фестиваль тарихында тұңғыш рет Қазақстан өкілі өнер көрсетіп, жас композитор Painting in sounds («Әуендегі сурет») атты өзінің төл шығармасын орындады. Осылайша, қазақстандық жас таланттың композициясы қазіргі заманғы Мияко Кубо, Джеффри Чинг, Гюнтер Бекер сияқты танымал композиторлардың шығармаларымен қатар орындалды.
Классикалық музыканың халықаралық сыншылары мен неміс көрермендері Рахат-Би Әбдісағиннің шығармасына және музыкалық композицияның орындалу шеберлігіне жоғары баға беріп, қазақстандық классикалық музыка мектебінің өкілдерінің жетістігіне дуылдата қол соқты.
Мюнстерде Klang Zeit Münster халықаралық тоғызыншы классикалық музыка фестивалінің биылғы басты жаңалығы – Рахат-Би Әбдісағиннің жеке концерті болғаны даусыз.
Талғат Сүйінбай.
Дерек, сурет: egemen.kz.