ҚАРАҒАНДЫ. 18 ақпан. Қарағанды облысында заңсыз аң аулап, қызыл кітапқа енген киіктерді атқан күдіктілер қолға түсті. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Нұра аудандық ішкі істер бөлімінің табиғатты қорғау полициясы мен «Охотзоопром» мекемесінің қызметкерлері бірігіп жүргізген шараның нәтижесінде Нұра ауданының аумағында «УАЗ» және тіркемесінде моторлы шанасы бар «Нива» автокөліктері тексеруден өткізілді. Тексеру барысында үш киіктің еті салынған бірнеше қап табылды. Тиісті хаттамалар толтырылғаннан кейін, киіктің еті, браконьерлерге тиесілі мылтық пен оның оқтары және моторлы шана тәркіленді.
Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Қайрат Әбілдинов.
Дерек: Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Сурет: egemen.kz.