Беларусь республикасы Президенті жанындағы академияда Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб басқарушы комитеті төрағасы Әлихан Байменов Қазақстандағы мемлекеттік қызмет жүйесін реформалау туралы дәріс оқыды.
Ә. Байменов Қазақстан мемлекеттік қызмет саласында өткен реформалардың басты кезеңдеріне тоқтала отырып, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының аясында осы салада жүзеге асып жатқан шаралармен таныстырды. Ол мемлекеттің дамуына серпін беретін, оның ішінде мемлекеттік қызметте лайықты мамандардың іріктелуіне, олардың меритократия қағидатына сай ілгерілуіне жол ашатын басқарушылық шешімдердің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, мемлекеттік басқару саласындағы менеджмент және әкімшілік рәсімдер мәселелері қаралды.
Академия тыңдаушылары Қазақстандағы мемлекеттік қызметкерлерді іріктеу механизмдері, мемлекеттік аппаратта сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қолдану, сыбайлас жемқорлық әрекеттердің алдын алу бойынша уәкіл институтын енгізу бастамаларына қызығушылық танытты.
Беларусь Республикасындағы БҰҰ Даму бағдарламасы ұйымдастырған сапар барысында Әлихан Байменов БҰҰ ДБ тұрақты өкілі Санака Самарасинхамен кездесті. Сонымен бірге Беларусь Республикасының бірқатар мемлекеттік орындарының жетекшілерімен кездесу өткізіліп, олар Қазақстанның мемлекеттік қызмет саласындағы тәжірибесіне айрықша қызығушылық танытып, мемлекеттің осы саладағы табысы мен өңірлік хабтың білім мен тәжірибе алмасудың халықаралық тұғырнамасы ретіндегі жоғары әлеуетін атап өтті.
Қазіргі таңда Астана хабына Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, ТМД, Орталық Азия және ASEAN мемлекеттерін қамтитын 32 қатысушы мемлекет пен 5 халықаралық ұйым кіреді. Астанадағы Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб аймақтағы елдер мемлекеттік қызмет бойынша үздіксіз тәжірибе мен білім алмасуы үшін институттық негіз ретінде құрылған.
Руслан ИГІЛІК.