• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
20 Ақпан, 2016

Мақтаулар емес, мәнді мәселелер айтылды

369 рет
көрсетілді

Жамбыл облысы өткен жылды үлкен табыспен қорытындылады. Көрсеткіштерінде кері кеткен жері жоқ. Барлық салада өсім бар. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев кеше халық алдында берген есептік жиынында жан-жақты баян­дады. Өткен жылы облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 274,5 млрд. теңгеге өнім шығарды. Ауыл шаруашылығында барлығы 172 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. «Баршамыздың бір ғана мақсатымыз бар – ол халықтың игілігі. 2015 жылы жалпы сомасы 30,5 млрд. теңгеге 6 инвестициялық жоба іске асырылып, мұнда 425 жаңа жұмыс орны құрылды. 2015 жылдың қорытындылары бойынша Индустрияландыру картасы бойынша пайдалануға берілген инвестициялық жобалардан шығарылған өнімнің көлемі 3,052 млрд. теңгені құрап отыр», деді Кәрім Көкірекбаев. Жыл өткен сайын облыс әкімдерінің халық алдындағы есеп беру жиындары да етек-жеңін жиып, ұтымды түрде ұйымдастырылып келеді. Жасыратыны жоқ, мұндай жиындардың ең бір қызық жері тұрғындардың облыс басшысына сұрақ қойып, жауап алуы болса керек. Жиналған жұрт уақытты тиімді пайдалануға үйренген. Сөз сөйлеуге шыққандар әкімді мақтап немесе істеген тірлігін айтып, көпшілікті ығыр қылса, залдағы халық қайта-қайта қол шапалақтап, тек нақты ойыңды, ұсынысыңды, мәселеңді ғана айтуға мәжбүр етеді. Облыс әкімі К. Көкірекбаев та бос сөзден гөрі нақты іске көшкенді жөн санап, Тараз төрінде өткен бұл есептік жиында біраз мәселелер айтылды. Біз соның кейбіріне тоқтала кеттік. Әтіркүл Исаева, Меркі ауданының тұрғыны: – Бізді Жеміс-жидек ауылындағы бұрынғы «Огонек» бала- бақшасының қазіргі жағдайы алаңдатады. Қараусыз қалған бұл ғимаратты қайтадан жөндеп, іске қосса, ауданда балабақша тізімінде тұрғандардың қатары әлдеқайда азайып қалар еді… Кәрім Көкірекбаев, Жамбыл облысының әкімі: – Меркі ауданының әкімі Бақтияр Көпбосынов бұл мәселені көтерген. Ауданды аралаған кезде өзім де барып көргенмін. Балабақша ғимаратын күрделі жөндеуге биыл қаржы бөлінді. Алдағы уақытта пайдалануға беріледі. Құралай Салиева, Тараз қаласының тұрғыны: – Тараз қаласының шетіндегі «Барысхан» шағын ауданында 2014 жылы жол жөндеу жұмыстары өте қарқынды басталып еді. Бірақ былтырдан бастап тоқтап қалды. Бұл іс биыл жалғасын таба ма? – Иә, бұл шағын аудандардың жолдарын жөндеуге кезінде 142 млн. теңге бөлінген болатын. Бірақ өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына байланысты жұмыстар саябырсып қалды. Бірақ биылға тағы да 142 млн. теңге қарастырылды. Жол жөндеу жұмыстары толық аяқталады. Қожайхан Бижанов, Т. Рысқұлов ауданының тұрғыны: – Ауданымыздағы елді мекендерге газ құбыры тартылып, халық қуанып жатыр. Бірақ кейбір елді мекендерде газ қысымы төмен. – Бұл мәселеден хабардармын. Алдағы уақытта Т. Рысқұлов ауда­нын­дағы Ақыртөбе елді мекенінен үлкен газ торабын салуға 484 млн. теңге қа­растырылды. Осы нысанның құрылысы бітсе, газ қысымы көбейеді. Абдолла Бақбергенов, Тараз қаласының тұрғыны: – Бұл мәселені былтыр да айтқан болатынмын. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Тараз қаласында «қызыл сызыққа» шығып кеткен жайма базарлар әлі күнге жойылған жоқ. «Ауыл береке» базарында санитария мәселесі тіптен талапқа сай келмейді. – Тараз қаласындағы Ташкент көшесінің бойында жайма базарлардың көбейіп кеткені рас еді. Қазір көбісі жабылды. Бірақ әлі де бей-берекетсіздік бар. Сондықтан Тараз қаласының әкіміне комиссия құрып, «қызыл сызыққа» шығып кеткен және әлгі «Ауыл береке» базарындағы жағдайды тексеруге тапсырма беремін. Серік Қалықов, Шу қаласының тұрғыны: – Шу қаласындағы локомотив жөндеу зауытында бүгінде 808 адам жұмыс істейді. Бірақ қаржылық қиындыққа байланысты солардың 519-ы жалақыларының жартысын ғана алып жүр. Өйткені, тапсырыс аз. Осы зауыттың жұмысының алға басуына қолұшын созсаңыз… – Мамандығым – теміржолшы болғандықтан бұл зауыттың жұмысымен жақсы таныспын. Жамбыл облысындағы «Қазфосфат», Хантау, Мыңарал цемент зауыттарында жүк таситын қаншама вагондар бар. Бірақ олар бұл вагондарды басқа облыстарға апарып жөндетіп жатады. Сондықтан алдағы уақытта бұл вагондардың жөндеуін Шудағы зауытта жасауға күш салу керек. Бұл мәселені назарда ұстаймын. Міне, есепті жиында жергілікті тұрғындар мәселелерін ашық айтып жатты. Меніңше еліміздің саяси-экономикалық жетістіктерінен бөлек, біз назар аудара бермейтін бір мәселе бар. Ол – қоғамның өзгергені. Жаңа ұрпақтың ержеткені. Сананың өзгергені. Бұл – тәуелсіздік жылдарының ең үлкен жемісі. Және бұл ашықтық пен жаңашылдық елдің дамуына тура жол бастайтыны тағы анық. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.