Жазушы Нұрғали Ораздың бір әңгімесінде есік алдына қада қағып, оған қол жуғыш орнатылғандығы айтылады. Бастапқыда байқамаған. Келер жылы қоңыр күзде қол жуу қиынға айналған соң таңғалып қараса саздауыт жерге шаншыған қада тамырлап өсіп, биіктеп кеткен екен.
Нұрғали Ораз сол шыбықты теріс шаншысаң да өспей қоймайтын Қазығұрт ауданының тумасы. Қысы-жазы түсін бермейтін, ар жағы мәңгі қар жамылған Алатауға ұласатын Сайрам-Өгемдей ертегідей жерде бүгінде Американың Калифорния штатында өсетін «чандлер» жаңғағы өсірілетін болады.
Осындай жақсы бастамаға мұрындық болған «Шымкент» ӘӘК ҰҚ» акционерлік қоғамы «Қарқынды бақ» агроаймақ жобасы бойынша алма және жаңғақ бағын өсіруді қолға алды. Бұл жобаға «Базис» холдинг компаниясы қызығушылық танытып, қаржы салмақ ниетте.
Аумағы бір мың гектарға дейін созылатын алма және жаңғақ алқабы Қаржан тауының етегінде қанат жаймақ.
Грек жаңғағына тапшылық Еуропаның өзінде 180 мың тоннадан асады екен. Осындай жағдайда қазақстандық жаңғақтың өтімділігі қандай болатындығын шотқа сала беріңіз.
Облыс әкімдігі америкалық жаңғақтан осылайша үміт күтіп отыр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан
облысы.