• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
23 Ақпан, 2016

Мақсат – кәсіпкерлікке кең жол ашу

310 рет
көрсетілді

20 ақпан күні Орал өңіріне Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрал­қасы­ның мүшесі, осы палатаның жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Азат Перуашев келді. Ол ең алдымен өздерінің сайлауалды науқаны өзге емес, нақ осы облыс­тан басталып отырғаны кездейсоқтық емес екеніне тоқталды. Аталған партия төрағасының мәлімдеуінше, Қазақстан барынша батыстық және еуропалық өркениетті, табысты бағыттар бойынша дамуы қажет. Ал Батыс Қазақстан облысы республиканың еуропалық бөлігінде орналасқан. Яғни, бұл аймақ Қазақстан үшін еуропалық бөлікке апаратын қақпа, ал еуропалықтар үшін Азияға ашылатын кілт іспеттес. Нысандық түрде қарастырғанда үгіт-насихат шараларын Оралдан орауымыздың орайы осындай. Өйткені, біздің партияның бағдарламасы батыстық дамудың еуропалық векторына бағытталған, деді ол. Біз бүгін өңірдегі кәсіпкерлер палатасы филиалы ғимаратында бас қосып отырмыз. Бұл да тектен тек емес. Бұлай болатын себебі «Ақ жол» партиясының басты мақсаты – кәсіпкерлікке кең жол ашу. Сондай-ақ, мұндай көзқарас дағдарысқа қарсы бағдарламаның басты бір құралы рөлін де атқара алады. Бүгінде сыртқы рыноктағы біздің шикізатымыздың бағалары төмендеп барады. Оның ең басында мұнай шикізаты тұр. Бұл жайт ұлттық валютамыздың тұрақтылығына салқынын тигізуде, деді бұдан әрі Азат Перуашев. «Ақ жол» көшбасшысы өз ой-пікірін былайша тұжырымдады. Біздің экономикамыздың тек бір жақты шикізаттық базаға тіреліп қалуы игілікке жеткізбейді. Сондықтан өндірістік және өнеркәсіптік экономиканы өркендетуге бірінші кезекте бағыт ұстап, бұған даңғыл жол ашу қажет. Түйіп айтқанда, бұл әзір өнімдер мен бәсекелестікке төтеп бере алатын тауарлар деген сөз. Дағдарыс кезінде адамдарды бірінші кезекте толғандыратыны – күнделікті тұтынатын тауарлар бағасы мен коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуі. Шынтуайтына келгенде, ауыз­дық­талмайтын, асу бермейтін және сеңі бұзылмай тұрып алатын бірде-бір дағдарыс болмайды. Кез келген дағ­дарыстың өз шешімі табылады. Оны реттеудің басты жолдарының бірі – алып-сату мен тұтынушылыққа емес, керісінше, терең өңдеу мен дайын өнім­дер шығаруға негізделген өндірістік экономика құру. Сайлауалды науқан шеңберінде «Конденсат» АҚ компаниялар тобының төрағасы, Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасы аймақтық кеңе­сінің жетекшісі Валерий Жүнісов, «Жайық ДЕНТ» және «Цветущие сады» ЖШС-лерінің директорлары Меруерт Мусина мен Елена Уланова, жеке кәсіпкер Ольга Мякушина мен «Сертификация орталығы» ЖШС-нің директоры Нәдір Құрымбаев сөз алып, өндірістік экономика құру мен жеке бизнесті жүргізу жөніндегі партия төра­ға­сының сөзіне қолдау көрсетті. Сонымен бірге, олар бизнеспен шұ­ғылдану қауіпсіз әрі тартымды іске айналуы қажеттігін атап көрсетті. Сай­лауалды үгіт-насихатқа арналған кездесу кезінде ақжолдықтар кез келген мемлекетті ішінен үңгіп жейтін құрт іспеттес қауіпті дерт – сыбайлас жем­қорлық көріністері сол мемлекеттің бас­ты жауы деп санайтындықтарын жеткізді. Сонымен бірге, бұл ой-пікір бизнес­ті одан әрі дамытуға қа­тысты да айтыл­ды. Өйткені, сыбайлас жемқорлық мемле­кеттік ресурстарды талан-таражға салып, кәсіпкерлікті тұн­шықтыратын қауіп­ті құбылыс, деді сайлауалды үгіт-на­сихат жұмыстарына арналған сөз түй­ін­інде партия төрағасы Азат Перуашев. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». ОРАЛ.