• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
23 Ақпан, 2016

Кенді Алтайдағы қауышу

362 рет
көрсетілді

Елордадан шыққан «Мәңгілік Ел» пойызы Шығыс өңіріне келді. Алдымен Аягөз ауданындағы Ақтоғай стансасына келген пойыздағы меймандарды шығысқазақстандықтар мерекелік концертпен қарсы алды. Одан кейін Жарма ауданының Шар қаласына аялдады. Жалпы, «Мәңгілік Ел» пойызы Шығыс өңірінде бес қалаға тоқтады. Оның ішінде Өскемен мен Семей және Зырян қалалары бар. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы шеңберінде жолға шыққан пойыз құрамында «Мәңгілік Ел» идеясы мен бес институттық реформаны түсіндіру, әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес беру үшін 96 адамнан тұратын Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ғалымдар, сарапшылар енді. Сонымен бірге, 33 білікті дәрігер бар. Медицина қызметкерлері пойыз тоқтаған қалалар мен кенттерде қабылдаулар өткізіп, халықтың денсаулығын тексеріп, кеңес берді. Сондай-ақ, еліміздің Әділет, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау және Әлеуметтік даму, Индустрия және жаңа технологиялар министрліктерінің, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының сарапшылары жергілікті тұр­ғын­дарды қабылдап, консультация өткізді. Облыс орталығына жексенбі күні жеткен мәңгілікелдіктерді қала тұрғындары «Өскемен-1» теміржол вокзалынан шат-ша­ды­ман көңіл-күймен күтіп алды. – Қазақстанның інжу-мар­жанына саналатын туған же­рі­­мізге келгендеріңізге өте қуа­ныш­тымыз. Тәуелсіздігіміздің тарихы – табысты еліміздің ұлы жыл­­намасы. «Мәңгілік Ел» – біз­дің бабаларымыздың арманы, қазақ­стандықтардың ортақ ұлт­тық идеясы. Осындай күрделі кезең­­де Қазақстан халқы өзінің келі­­сімімен, достығымен, тағат­тылы­ғымен әлемге үлгі болып отыр, – деді Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов. «Мәңгілік Ел» пойызының жетекшісі Әміржан Әлпейі­совтің айтуынша, аталған жо­баға қатысушылар үшін Абай мен Шәкәрім, Мұхтар сияқты ұлыларды сыйлаған қасиетті жерге аяқ басу – үлкен қуаныш. – Біз Шығыс Қазақстан өңір­інің тұрғындарына риза болдық. Өйткені, өз Ота­нын сүйетін адамдарды көр­дік. Олардың жанарынан се­німділіктің ұшқынын байқай­сыз. Барлығы еліміздің гүл­денуіне, көркеюіне еңбек еткісі келеді. 2016 жыл – ерекше жыл. Біз бұл жылды әлеуметтік мәсе­лелерді шешуден бастап отырмыз, – деді ол. Мәселен, пойыз­дағы дәрігерлер қауымы Зырян қаласында – 334, Шар қала­сын­­да 490 адамның ден­сау­лығын тек­серіп, меди­ци­на­лық қоры­тынды жасаған екен. Өскеменде жалпы­рес­пуб­ликалық акцияға қатысу­шылар өңір жастарымен дөң­гелек үстел басында кездесті. Мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстар аясында жүзеге асырылған бірқатар жобалар таныстырылды. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық уни­верситетінде өткен кезде­суде «Тәуелсіздік тарихы – Ұлт рухының көр­сет­­кіші» тақырыбымен тұсау­кесер-дәрісі, «Мәңгілік Ел – ұлт келешегінің рухани негі­зі» атты екіжақты сұх­бат өтті. Сонымен бірге, мей­ман­дар С.Аманжолов атын­дағы Шы­ғыс Қазақстан мемле­кеттік университетінде «Тәуел­сіздікке – 25 жыл» атты кі­тап көрмесін тамашала­ды. Қонақтарға универ­ситет мұражайы, «Зияткер» ғы­лыми-зерттеу орталы­ғы мен дәрісханалар таныс­тырылды. Өздерінің білім-бі­­ліктерін көрсеткен жастар­дың ғылыми жобалары мен өзге де жұмыстарын деле­гат­тар жоғары бағалады. Ауыл шаруашылығы мен кәсіп­­керлікті өрістету бойын­ша дөңгелек үстелдер ұйым­дас­тырылды. Ұлттық кәсіп­керлер па­ла­тасының өкілі Құра­лай Қанахина өңір кәсіп­­кер­леріне наурыз айынан бас­тап «Кәсіпкерлікті дамы­­тудың аймақтық картасы» іске қосылып, барлық өңір­лердегі шағын және орта бизнестің даму деңгейі, проб­лемалық мәселелері мен әлеуеті, кәсіп­керлердің ұсыныс­тары арнайы порталда жария­ланып, бизнестің алға басуына тағы да бір ерекше жағдай ту­ғызылатынын жеткізді. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы.