• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
23 Ақпан, 2016

Жапон елшісімен екіжақты әңгіме

358 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Масаёси Камохарамен оның дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай кездесу өткізді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Тараптар екіжақты сауда-эко­номикалық ынтымақтастықтың қазіргі даму қарқынына қана­ғат­танушылық білдірді. Өткен 10 жыл ішінде біздің экономикамызға салынған жапон инвестициясының мөлшері 4,5 миллиард доллардан асты. 2015 жылы Қазақстан мен Жапония арасындағы тауар айналымы 1,4 миллиард доллар болды (экспорт – 858,6 миллион, импорт – 584,7 миллион доллар). 2014 жылы Қостанайда «Тойота» маркалы машина құрастыру зауыты іске қосылды. Қазақстанда 50-ге жуық бірлескен кәсіпорын тіркелген, 700 миллион доллардан асатын бірлескен 6 жоба жү­зе­ге асырылған. Құны 700 мил­лион теңге болатын тағы 10 жоба нақ­ты­лануда. Мемлекеттік хатшы Қа­зақ­стан мен Жапония ядролық қа­ру­сыз­дану және таратпау, сондай-ақ, атом энергиясын бейбіт мақсатта пай­далану ісі жөнінен жақын одақ­­тас екенін атап өтті. 2015 жыл­­ғы ақпанда Қазақстан мен Жапо­­ния Венада Ядролық сынақ­тар­ды жаппай тоқтату туралы шарт ұйымының отырысында кон­ферен­цияның 2015-2017 жылғы кезеңіндегі тең төрағалары болып сайланды. Г.Әбдіқалықова жоғары дең­гейде, сонымен бірге, іскер топтар арасында тығыз саяси байланыс­тар және жиі делегациялар алмасып отыру өзара жан-жақты іс-қимыл үшін жаңа көкжиектер мен перспективаларға жол ашатынына сенім білдірді. Мемлекеттік хатшы кездесу соңында М. Камохараға белсенді әрі жемісті қызметі, Қазақстан мен Жапония арасындағы достықты нығайтуға қосқан үлесі үшін ризашылығын білдіріп, игілік пен табыс тіледі.