ӨСКЕМЕН. 22 ақпан. «Мәңгілік ел» пойызымен Шығыс өңіріне келген меймандар өңір жастарымен дөңгелек үстел басында кездесті. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының ақпараттық орталығына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Кездесу барысында мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстар аясында жүзеге асырылған бірқатар жобалар таныстырылды. Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде өткен кездесуде «Тәуелсіздік тарихы – Ұлт рухының көрсеткіші» тақырыбымен тұсаукесер-дәрісі, «Мәңгілік ел – Ұлт келешегінің рухани негізі» атты екіжақты сұхбат өтті.
Сондай-ақ, меймандар Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Тәуелсіздікке – 25 жыл» атты кітап көрмесін тамашалады. Қонақтарға университет мұражайы, «Зияткер» ғылыми-зерттеу орталығы мен дәрісханалар таныстырылды. Өздерінің білім-біліктерін көрсеткен жастардың ғылыми жобалары мен өзге де жұмыстарын делегаттар жоғары бағалады.
Одан өзге ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті өрістету бойынша дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Құралай Қанахина өңір кәсіпкерлеріне наурыз айынан бастап «Кәсіпкерлікті дамытудың аймақтық картасы» іске қосылып, барлық өңірлердегі шағын және орта бизнестің даму деңгейі, проблемалық мәселелері мен әлеуеті, кәсіпкерлердің ұсыныстары арнайы порталда жарияланып, бизнестің алға басуына тағы да бір ерекше жағдай жасалатынын жеткізді. Биыл «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша, экономиканың басым бағыттарын қаржыландыру шаралары аясында шағын және орта бизнесті дамытуға барлығы 300 миллиард теңге бөлінетінін атап өтті. «Сыйластық. Түсіністік. Келісім» тақырыбында тағаттылық пен келісімді қалыптастыруға арналған іскерлік ойындар ерекше қызығушылық туғызды. Сондай-ақ қонақтар облыс орталығының көрікті орындарын аралап, естелікке суретке түсті.
Думан Анаш.
Дерек, сурет: Шығыс Қазақстан облысының ақпараттық орталығы.