• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
23 Ақпан, 2016

Елімізде жұмыссыздарға жәрдемақы төлеу мерзімі 6 айға дейін ұзартылады

550 рет
көрсетілді

АСТАНА. 23 ақпан. Қазақстанда жұмыссыздарға жәрдемақы төлеу уақыты 6 айға дейін ұзартылады. Бұл туралы NewTimes.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов кәсіпорындарда қысқартуға байланысты жұмысынан айырылғандарға әлеуметтік төлемдер беру мерзімі жарты жылға дейін созылғанын мәлімдеді. Бүгін Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда «Халықты жұмыспен қамту туралы» заң жобасы қаралған болатын. Жиын барысында Біржан Нұрымбетов қысқартуға орай жұмыссыз қалған тұлғаларға қатысты заңға өзгерістер енгізілгенін хабарлады. Осылайша жәрдемақы төлеу мерзімі 4 айдан 6 айға дейін ұзартылды. Вице-министр жұмыс берушінің әлеуметтік сақтандыру қорына 5 пайыз көлемінде әлеуметтік төлем жіберетінін, ал жұмысшының осы жүйенің қатысушысы екенін түсіндіріп өтті. «Бізде жұмыссыздарды тіркеу тәртібі аз-кем өзгертілді. Алдымен оны жұмыс іздеп жүрген тұлға ретінде есепке алып, 10 күн көлемінде оған жұмыс іздейміз. Егер жұмыс табылмаса, оны жұмыссыз ретінде тіркеуге аламыз. Жұмыспен қамту органдары жұмыссыз азаматтарға бос орындарға жолдама береді, ол сол жаққа барып, әңгімелесуден өту керек», – деп түсіндірді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі. Оның сөзіне қарағанда, қалада тұратын жұмыссыз әр 10 күн сайын жұмыспен қамту орталығына келіп, өзінің жұмыс іздеп жүргені туралы хабардар етіп отыруы керек. Ал ауылды жерлерде жұмыс іздегендер айына бір рет ауыл әкімінің алдына баруы қажет. Еламан Қоңыр. Дерек: NewTimes.kz. Сурет: ya2016.com.