АСТАНА. 23 ақпан. Қазақстандықтар әлемнің 67 мемлекетіне визасыз бару мүмкіндігіне ие. Осы көрсеткіш бойынша бүгінде еліміз Henley & Partners Visa Restrictions Index рейтингінде 71-орында тұр. Бұл туралы zakon.kz сайтына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Қазақстан азаматтары Жер бетіндегі 218 мемлекеттің 67-сіне визасыз бара алады. Өткен жылы визасыз режім орнатылған елдер саны 65-ке жетіп, аталған рейтингте 72-сатыда тұрғанымызды атап өткен жөн.
Көршілес елдерден Ресей – 48, Өзбекстан – 58 және Әзербайжан 75-орында тұр. Ал соңғы орындарға Пәкістан, Ирак және Ауғанстан жайғасқан.
Ал көш басында үшінші жыл қатарынан Германия тұр. Аталған мемлекеттің азаматтары 177 елге визасыз қатынай алады. Екінші орында 176 елмен визасыз режім орнатқан Швеция тұрса, 175 елге еркін қатынауға қол жеткізген Финляндия, Франция, Испания, Италия және Ұлыбритания елдері үшінші орынға табан тіреген.
Еламан Қоңыр.
Дерек: zakon.kz.
Сурет: m-astana.kz.