Амстердамның Астанаға қызығушылығы артты
Бірінші кезекте Нидерланд ұлттық секциясының комиссары Ханс Дриссер мырзаны әңгімеге тарттық. – Нидерланд елінің Астана ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысудағы мақсаты және бұл көрмеден не күтеді? – Біз ЭКСПО-2017 көрмесіне үлкен үмітпен қатысқалы отырмыз. Оның басты себебі – көрменің негізгі тақырыбына байланысты. Қазіргі таңда «Болашақтың энергиясы» тақырыбы нидерландылықтар үшін күн тәртібіндегі аса көкейкесті мәселеге айналып отыр. Өйткені, өңірлік энергетикалық қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі Астана ЭКСПО-2017 көрмесінің басты тақырыбы шеңберінде қаралатын мәселелермен тұтасып жатыр. Менің ойымша, бұл көрме ірі компаниялар мен ғылым орталықтары үшін ұзақ мерзімге арналған экологиялық проблемаларды шешу жолындағы бизнес шешімдер ұсынатын алаңға айналуға тиіс. Осы уақытқа дейін жасыл экономиканы дамыту жөніндегі бастамалар негізінен тек үкіметтер тарапынан ғана ұсынылып келді. Ендігі жерде ірі компаниялар мен кәсіпорындар осы бір өзекті мәселенің өміршеңдігін дамытуға атсалысуы керек. Міне, нақ осы мақсатта көрмені ұйымдастырушыларға ауқымды да жауапты міндеттер жүктеліп отыр. Көрмеге қатысатын голландиялық компаниялар Қазақстан елімен экономикалық байланысты одан әрі дамытуға үлес қосатыны сөзсіз. – Бүгінгі таңда энергиялық тиімділік және баламалы энергия көздерін дамыту бүкіл әлем үшін өзекті мәселеге айналып отыр. ЭКСПО-2017 бұл – сіздің еліңіздің энергетикалық тиімділік және жасыл технологияны дамыту саласында қандай жетістіктерге қол жеткізгендігін әлемге паш ететін алаң. Осы орайда сіздердің павильондарыңыздың ерекшелігі неде? Контент бойынша идеяларыңыз қандай? Бүкіл әлемге не көрсетесіздер? – Батыс Еуропаның жоғары қарқынмен дамыған өңірінде табиғи газ өндіретін ірі мемлекет бола отырып, біздің еліміз энергия өндірісінің қоршаған ортаға тигізетін кері әсерін ерекше сезініп отыр. Оның үстіне адам өте жиі қоныстанған біздің аймақта энергетикалық тиімділікке қол жеткізудің қаншалықты маңызды екендігін уақыт әлдеқашан дәлелдеген. Нидерланд үкіметі энергетикалық үнемділік және қоршаған ортаны қорғау мақсатындағы маңызды мәселелерді шешуде кешенді шараларды іс жүзіне асырып келеді. Астана ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің шеңберінде біздің еліміз өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өндірісінде «жасыл» экономикаға көшудің тиімділігін барынша паш ететін болады. Ал Нидерланд павильондарының тұжырымдамасы әлі де талқылану үстінде. – Сіз қалай ойлайсыз, Қазақстанның әлемдегі баламалы энергетиканы айқындау және дамыту мақсатында халықаралық хабқа айналу жөніндегі әлеуеті бар ма? – Сіздің Президенттеріңіздің ЭКСПО-2017 көрмесінің базасында және оның инфрақұрылымын пайдалана отырып, жасыл технологияны дамыту жөніндегі халықаралық орталық құру жөніндегі бастамасы өте өзекті мәселе. Осы қадамы арқылы Қазақстан 2011 жылы БҰҰ қабылдаған «Тұрақты энергетика баршаға» атты бастамаға өлшеусіз үлес қосады. Сонымен бірге, ЭКСПО Қазақстанның Азиядағы тұрақты және гүлденген мемлекет ретіндегі халықаралық беделін арттыра түседі. – Сіздің еліңіздің тұрғындары үшін Қазақстан қаншалықты қызықты? – Менің елім әлемдегі ең ашық қоғамдардың бірі. Әлемнің барлық түкпірінде голландиялық кәсіпорындар мен туристерді кездестіруге болады. Соңғы уақытта Нидерландыны Орталық Азияның туристік әлеуеті барған сайын қызықтырып отыр. Сондықтан ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу Орталық Азияға деген туристер тасқынын арттырады деп есептеймін. Көрме жұмыс істеген кезде Астанаға келетін голландиялықтардың саны еселеп артатындығы сөзсіз. 2016 жылдың мамыр айынан бастап Астана – Амстердам әуе бағыты жұмыс істей бастайды. Бұл да туристер тасқынының артуына игі ықпал ететін болады.Көпке беймәлім Боливия
Келесі кейіпкеріміз Боливия ұлттық секциясының комиссары Кларемс Эндара мырза болды. – Боливия елінің Астана ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысудағы мақсаты және бұл көрмеден не күтеді? – Астана ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне белсене қатысу арқылы біз Боливия мемлекетін бүкіл әлемге кеңінен таныстыруды мақсат етіп отырмыз. Себебі, әлемнің көптеген елдерінде адамдар Боливияның қайда орналасқанын біле бермейді. Біздің дәстүрлеріміз бен әлеуетімізді танымайды. Сондықтан осы бір халықаралық үлкен алаңды пайдалана отырып, біз өз елімізді халықаралық сахнада кеңінен таныстыратын боламыз. – Бүгінгі таңда энергиялық тиімділік және баламалы энергия көздерін дамыту бүкіл әлем үшін кезек күттірмес мәселеге айналып отыр. ЭКСПО-2017 бұл – сіздің еліңіздің энергетикалық тиімділік және жасыл технологияны дамыту саласында қандай жетістіктерге қол жеткізгендігін әлемге паш ететін алаң. Осы орайда сіздердің павильондарыңыздың ерекшелігі неде? Контент бойынша идеяларыңыз қандай? Бүкіл әлемге не көрсетесіздер? – Біз Боливияның өнеркәсіптік және ғылыми әлеуетін көпшілікке таныстыруға мүдделіміз. Болашақта біздің мемлекетіміз өзі орналасқан өңірде негізгі энергия өндіруші және тасымалдаушы мемлекетке айналуды жоспарлап отыр. Павильонның ішкі контенті жөніндегі мәселе талқылану үстінде. Біздің еліміз үшін баламалы қуат көздерін дамыту мәселесі бүгінгі таңдағы ең өзекті де маңызды міндеттердің бірі. – Сіз қалай ойлайсыз, Қазақстанның әлемдегі баламалы энергетиканы айқындау және дамыту мақсатында халықаралық хабқа айналарлық әлеуеті бар ма? – Астана баламалы қуат көздерін дамытудың болашағын айқындайтын маңызды орталыққа айналатындығы сөзсіз. Астана ЭКСПО-2017 көрмесінің аясында жаңа қуат көздерін табу және оны жетілдіру мақсатында жаңа бетбұрыстар айқындалатын болады деп ойлаймын. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».