Дағыстаннан 33 бас асыл тұқымды жылқыларды сатып алып, тіркемелі «КамАз» көлігімен Самара-Шымкент күре жолы бойымен келе жатқан оңтүстік өңірінің жігіттері Батыс Қазақстандағы Жымпиты ауылы орталығына жете бере оқыс оқиғаға душар болды. Көлік үстіндегі жылқылардың салмағы алып кетті ме, әлде тайғақ жолдың әсері болды ма тіркеме жолдың шетіне қисая аударылып, жылқылар жан-жаққа бытырай қашты.
Міне, жол азабы, басқа түскен қиындық деген осы емес пе? Ауыл шетінде орналасқан «М-32» кафесінің иесі Рафик Камалиев жоғарыдағыдай жағдайға душар болған шымкенттік жігіттердің қасынан табылып, ДЭУ №39 жол жөндеу мекемесіндегі жерлестерінің көмектері арқасында аударылған көлікті қалпына келтіруге жәрдемін тигізді. Ал Арман Байтасов, Сағидолла Марданов сияқты азаматтар Дағыстан елінен сатып алынған 33 бас жылқыны шашау шығармастан өздерінің міністегі аттарымен қайырмалап айдап, мәшинеге тиеу жағын ұйымдастырды. Әлқисса, сонымен, кездейсоқ жол апатына ұшырап, ақыр соңы аман қалған жолаушы жігіттер жымпитылық азаматтардың қамқорлықтарына риза болып, елдеріне аттанып кетті.
Мүсірбек АЙТАШЕВ.
Батыс Қазақстан облысы,
Сырым ауданы.