• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
24 Ақпан, 2016

Чемпиондар лигасы. «Барселона» сырт алаңда «Арсеналды» жеңді (видео)

367 рет
көрсетілді

АСТАНА. 24 ақпан. Бүгін УЕФА Чемпиондар лигасының 1/8 финалы шеңберінде екі ойын ойналды. Атап айтқанда, «Арсенал» өз алаңында «Барселонадан» 0:2 есебімен жеңілсе, «Ювентус» пен «Бавария» 2:2 есебімен тең түсті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. «Арсенал» (Лондон, Англия) – «Барселона» (Барселона, Испания) 0:2 Голдар: Лионель Месси 71, 83 (пенальти). Лондонда өткен «Арсенал» – «Барселона» кездесуінде Испаниядан келген команда айқын басымдық танытты. Статистикалық көрсеткіштерге көз жүгіртер болсақ, қақпаға жасалған соққылар бойынша каталониялықтар Петр Чехтің иелігін 11 рет нысанаға алса, алаң иелері 4 соққымен ғана қарымта қайтарды. Сондай-ақ, ойын барысында допқа иелік ету көрсеткішінен де «Барселона» басым түсті (66% – 34%). Бұл басымдық өз нәтижесін беріп, қонақтар Месси соққан екі голдың арқасында жеңіске жетті. Әлемнің ең үздік ойыншысы алдымен 71-минутта мергендігімен көзге түссе, 83-минутта пенальтиден гол соғып, дубльдің авторы атанды. Қарымта кездесу 16 наурызда Барселонада өтеді. «Ювентус» ( Турин, Италия) – «Бавария» (Мюнхен, Германия) 2:2 Голдар: Пауло Дибала 63, Стефано Стураро 76 – Томас Мюллер 43, Арьен Роббен 55. «Ювентус» пен «Бавария» арасындағы матч та аса тартысты өтті. Мюнхендіктер бірінші таймның соңында, яғни 43-минутта Томас Мюллердің көмегімен есеп ашқан болатын. Ал екінші таймда, нақты айтсақ, 55-минутта Арьен Роббен есепті еселеді. Өз жанкүйерлері алдында намысқа тырысқан туриндіктер ойын соңына дейін таразы басын теңестіріп үлгерді. Алдымен 63-минутта Дибала есеп айырмасын қысқартса, 76-минутта Стефано Стураро командасының екінші голын соқты. Қалған уақытта таблодағы есеп өзгермей, ойын тең аяқталды. Бұл командалардың қарымта кездесулері 16 наурызда Мюнхенде өтеді. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: championat.com, AFP.