Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлауға дайындық жұмыстары Ақтөбе қаласында жүйелі жүргізілуде.
Қалалық сайлау комиссиясының хатшысы Анар Әлиханованың айтуынша, ақтөбеліктер 133 учаскелік сайлау комиссиясында өздерінің азаматтық парыздарын өтей алады. Қала тұрғындарының көбеюіне байланысты биыл қосымша сегіз учаскелік сайлау комиссиясы құрылған. Олар негізінен «Батыс-2», «Нұр-Ақтөбе», «Ақжар-2», «Оңтүстік-Батыс» сияқты шағын аудандарда орналасқан. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында учаскелік сайлау комиссияларының шекаралары, орналасқан мекен-жайлары жарияланды. Биыл қалалық әкімдікте осы заманғы сервистік қызмет көрсету кешені алғаш рет ашылды. Интернет-сервистен қалалықтар өздерінің қай сайлау учаскесіне қарайтынын, тізімде бар-жоғын біле алады. Сайлаушылар бұл мақсатта +7 (775) 5552016 нөмірі бойынша WhatsApp немесе Telegram хабар алмасу сервисін, 8755 нөмірі бойынша интерактивті SMS сервисті, www.akimataktobe.kz қалалық әкімдіктің ресми сайтын, 2003216 @akto.kz қалалық әкімдіктің электронды поштасын, 213274 нөмірі бойынша Gall-орталығын пайдалана алады.
Сондай-ақ, қалалық әкімдікте сайлау науқаны басталғаннан бері «Қызу желі» анықтама қызметі жұмыс істейді. Бұл қызметтен де сайлауға байланысты қандай да сұрақтарға толық жауап алуға әбден болады. Анықтама қызметі таңғы 09.00. сағаттан кешкі 21.00. сағатқа дейін жұмыс істейді.Бұл да сайлаушылардың көбеюіне байланысты ашылған қызмет. Сайлау өтетін күн таянғанда анықтама қызметі демалыс күндері де жұмыс істейтін болады. Қазір бірде-бір сайлаушының назардан тыс қалмауына баса көңіл бөлінуде. Сайлаушылар тізімін нақтылау да аяқталып келеді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.