• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Ақпан, 2016

Достық үйіне қош келдіңіздер!

361 рет
көрсетілді

Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толуына орай қала әкімдігі этномәдени бірлестіктерге жаңадан бой көтерген Достық үйін сыйлады. Ал жалпы қаладағы Достық үйі облыста алғаш ашылған этномәдени бірлестіктердің бірінен саналады. Бұл күндері қаладағы 12 этномәдени бірлестік татулық пен бірліктің ортасына айналған. Жарқырған жаңа ғимаратқа көшкен бірлестіктер, әрине, қала әкімдігінің сыйлығына өте қуанышты. Риза болған бірлестік мүшелері алдағы уақытта түрлі мәдени-рухани жобаларды қолға алып, көптеген іс-шараларды атқаруды жоспарлап отыр. Жарқыраған жаңа ғимараттан славян, украин, поляк, неміс, әзербайжан, еврей, өзбек, корей, чешен-ингуш, татар-башқұрт және белорус бірлестіктеріне және мұсылман әйелдері лигасына арнайы бөлмелер берілді. Қазақ тілін, өзге ұлт өкілдерінің тілдерін үйренуге арналған үйірмелер жұмыс жасайды. Түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға арналған кең зал әрқашан қонақтарын күтеді. Қаладағы Достық үйінің этномәдени бірлестіктерін жігерлі, шығармашыл, ынталы адамдар басқарады. Бәрі осы елде өмір сүріп жатқан соң, Елбасы саясатының бірлік, татулық жолындағы бастамаларын қашанда қолдайды. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен жарқыраған жаңа музыка мектебі де салынды. Қазір онда 600-ге жуық өнерлі балалар білім алуда. Сәулеті қала көркін ашып, көз тартады. Өнерлі балалар жыл сайын өтетін «Достық. Бірлік. Тәуелсіздік» деп аталатын облыстық этномәдени бірлестіктер фестиваліне қатысады. – Жаңа қонысқа орна­лас­қанымызға өте қуаныштымыз. Енді жаңа ғимаратта жұмыс жасайтын боламыз. Ертеңгілік бәріміз де көтеріңкі көңіл-күймен осында жиналамыз. Шашу шашылған алғашқы күндегідей әлі де керемет жақсы әсерде жүрміз. Өйткені, Достық үйі этномәдени бірлестік мүшелерінің екінші үйі. Ұлттық бірлік – бәріміздің де таңдауымыз, тыныштық бәрімізге керек. Сондықтан да болар, этномәдени бірлестіктер қалада өтетін барлық мәдени-мерекелік шаралардан қалыспайды. Ән-шашуымыз ел бірлігіне, Отанды сүюге, патриоттық рухты көтеруге, шынайы белсенділікті арттыруға, қазақ халқымен бірге келе жатқан достықты дәріптеуге арналады, – дейді Достық үйінің директоры Людмила Макарчук. Сонымен қатар, Достық үйіне өскелең ұрпақ: балалар мен жастар шақырылып, жастар қанатын нығайту ісі қолға алынуда. Бүгінгі күні жастар қанаты әр этномәдени бірлестіктің жанында бар. Мысалы, «Полония» атты поляктар бірлестігі балалар ансамблін құрса, «Возрождение» немістер мәдени бірлестігі немiс тiлiн оқып-үйренуге көңіл бөледi. «Братство» атты славян бірлестігі жыл сайын «Славян жазбасы мен мәдениетінің күндерін» өткізеді. Басқа бірлестіктердің де өз шаралары бар. – Қала тұрғындары да жаңадан ашылған Достық үйіне келіп, құтты болсын айтуда. Өткен аптада облыс әкімі Қанат Бозымбаев келіп, жаңа қонысқа құтты болсын айтты. Раушан гүлдерін сыйлады. Осындай оң ниет пен пейіл баршамызды қазақстандық патриотизм туы астына біріктіреді, –дейді Л.Макарчук. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы, Екібастұз қаласы.