• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
24 Ақпан, 2016

«Бірліктің» көздегені – халық бірлігі

335 рет
көрсетілді

«Бірлік» саяси партиясының Мәжіліс сайлауы науқанының төте жолындағы бұл кездесуі өзгешелігімен ерекшеленді. Тіпті, мұны «Бірлік» партиясы – Орал Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің аудиториясында шеберлік-сабағын өткізу шарасына тікелей ұйытқы болды деген жөн шығар. Алдымен болашақ өнер шеберлеріне қажетті қылқалам мен әртүрлі бояулар, партияның аты жазылған жалаушалар мен үлбірек матадан тігілген жеңіл қол сөмкелер үлестіріліп, сыйға тар­тылды. Ал партияның сайлауалды бағ­дарламасына сәйкес жүргізілген бұл іс-шараның мазмұнын «Бірлік» саяси партиясы Алматы филиалының жетекшісі Дәмен Бидайбеков былай түсіндірді: – Өздеріңіз байқағандай, аудиторияда толып отырған жасөспірімдер дауыс беру құқына қол жеткізіп үлгермеген буын болып саналады. Бұл жерде ешқандай саяси үгіт-насихат жұмысы жоқ. Бірақ, «Бірлік» саяси партиясының ресми танылған «Ізгі ниет! Адал қызмет! Таза орта!» белгісінің аясында шеберлік-сабағының өтуі жастардың есінде ұзаққа сақталары анық. Оның үстіне сабақты осы колледждің бұрынғы түлегі, «Бірлік» партиясының бүгінгі белсенді мүшесі Кристина Депутатова жүргізеді. Жас ұрпақ еліміздің ертеңі, сондықтан да «Бірлік» еліміздің ертеңін бүгінгі уақытпен сабақтастыруды мақұл деп тапты, – деді ол. Шәкірттердің жас та болса елеулі же­тіс­тіктерге қол жеткізіп, дүниенің әр бұ­рышын аралаған, тіпті, өз туынды­ларын аукциондарда бағалатып, сатып үл­герген Кристина Депутатоваға қояр сұ­рақтары да көп болды. Партия мүшесі де ізбасарларының әрбір сауалын зейін қоя тыңдап, зор ықыласпен жауап қайтарды. Жастардың жадында бүгінгі сыйға тартылған бояулар мен қылқалам, пар­тиялық белгі салынған жалаушалар мен сәнді қол сөмкелер сақталары сөзсіз. Өйт­кені, бүгінгі шеберлік-сабағы шын мәнінде де нағыз шебердің қатысуымен өте қызықты өтті. Студенттер өздері дә­ріс алып жүрген оқу орнының түлегінің тәжі­рибе дәрістерін ерекше ұйып тың­дады. Ал колледждің сайлау құқыне ие шәкірттерімен түс ауа өткен кездесуі барысында «Бірлік» партиясының өкілдері өз бағдарламасының негізгі бағыттары туралы ашыла айтып берді. «Тәуелсіз Қазақстанның болашағы біздің қолымызда!» деген партиялықтар уақыт талабынан туған бастамалары мен ұсыныстарын ортаға жайып сал­ды. Экология саласы мен рухани білім беру, денсаулық сақтау мен эконо­микалық-әлеуметтік салада уақыт көші­нен қалмай табысқа жету – әрбір азамат­тың патриоттық борышы екені қызу әңгіменің негізгі тақырыбына айналды. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. Суретті түсірген Николай СУДАКОВ.