• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Ақпан, 2016

Ауылдықтар еңбек ұжымында

224 рет
көрсетілді

Кеше «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы республикалық қоғамдық штабының мүшелері «Александров» кәсіпорнының еңбеккерлерімен жүздесті. Етті өңдеп, одан шұжық пен өзге де ет өнімдерін дайындайтын өндірістік цехта ұйымдастырылған бұл шарада «Ауыл» партиясының мүшелері кә­сіп­орын қызметкерлерін «Ауыл дәс­түрін жаңғыртамыз» атты сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, ондағы негізгі басымдықтарға назар аударды. Бірінші кезекте сөз алған партия төр­ағасы Әли Бектаев ауыл шаруашылығы саласына қатысты мәселелерге көбі­рек тоқтала келіп, «Еліміздің агро­өнер­кәсіптік кешенін дамыту, соның ішінде кәсіпкерлерді қолдап, ауыл-аймақтардағы тауар өндірушілерге кәсі­бін кедергісіз жүргізуге жағдай жасау басты міндеттеріміздің бірі», – деді. Сон­дай-ақ, ол соңғы жылдары ауыл мен ауылшаруашылық саласын қолдауға мемлекет тарапынан нақты қадамдар жасалып отырғанын айта келіп, бұл бағытта шешімін күткен түйткілдер де баршылық екенін жеткізді. Сонымен қатар, Ә.Бектаев пар­тия­ның отандық агроөнеркәсіп кеше­нін дамытуға бағытталған негізгі міндет­терді жақын келешекте жүзеге асыру мақ­сатында еңбектенетінін мәлім етті. «Біздің партиямыздың белсенділері ірі шаруа қожалықтарын, үлкен кәсіп­орындарды аралап қана қоймай, шағын кәсіпкерлердің де мұң-мұқтажын тың­дап, олардың қажеттіліктерін өтеуге тыры­сады. Біз өндіріс орындарын үлкен, кіші деп бөлмейміз. Олардың барлы­ғына бірдей қараймыз. Біздің негізгі мақ­сатымыз – ауылшаруашылық саласын дамыту және осы бағытта көбірек жұмыс орындарын ашу. Біз үшін аталған салаға көмек көрсету маңызды», – деді партия төрағасы. Ал кәсіпорын қызметкерлері мен жұмысшылары да кездесу барысында өз ойларын жеткізді. Олардың айту­ын­ша, кәсіпорын негізгі шикізатты тек қазақстандық өндірушіден алып оты­рады. Себебі, отандық өнімнің дәмі тұтынушыға жақынырақ әрі арза­ны­рақ. Сондықтан, кәсіпорын ет жеткі­зетін жергілікті кәсіпкерлердің тұрақты қызметіне мүдделі болып отыр. Жиын барысында цех қызметкерлері мен жұмысшылары сайлау науқанының еліміз үшін маңыздылығын жете түсінетіндерін жеткізе келіп, ауыл шаруа­шылығы қазақстандық экономиканың қозғаушы күші болуы тиіс екенін, сондықтан «Ауыл» партиясының саяси науқаннан тыс қалмағанын орынды деп есептейтіндерін айтты. Мәселен, цех жұмысшысы Хамит Шалданбаев «Ауыл» партиясының бағдарламасына көңілі толатынын, онда өте орынды мәселелер қамтылғанын жеткізді. Кездесу соңында партия белсенділері 50 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорынның жұмысына сәттілік тіледі. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».