Электораттық науқан аясында кеше «Нұр Отан» партиясының республикалық сайлауалды штабы Семей қаласына келіп, мұнда үгіт-насихат топ мүшелері Радиотехника және байланыс колледжінің ұжымымен, жергілікті шығармашылық және патриоттық ұйымдар өкілдерімен және ардагерлермен, сондай-ақ, «СемАЗ» ЖШС еңбек ұжымымен кездесулер өткізді.
Делегация құрамына Республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі, партия Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, «Астана Опера» театрының жетекші солисі Майра Мұхамедқызы, «Қазақстанның мүгедектер конфедерациясы» РҚБ президенті Жаннат Омарбекова, Парламент Мәжілісінің V шақырылым депутаттары Нұртай Сабильянов, Жанат Жарасов, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дәулет Тұрлыханов және басқалары енді.
Колледждің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Нұрлан Ұрынбаева былай деді: «Мен өз азаматтарына еш ақысыз мамандық беріп, білікті де білімді кәсіп иесі болып қалыптасуына жағдай жасап отырған әлемде бірде-бір елді көрген емеспін».
«Тегін кәсіптік-техникалық білім берудің арқасында бізде бос жүрген жастар болмайды. Бұл – өте дұрыс шешім. Біз «Нұр Отанға» дауыс бере отырып, Президентіміздің сарабдал саясатын қолдаймыз», – деді колледж директорының орынбасары Гүлназ Есембаева.
Жиында биыл әлемдегі ең үлкен ядролық полигонның жабылғанына 25 жыл толғаны да назардан тыс қалған жоқ. «Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойғанына ширек ғасыр болды. Біздің Көшбасшымыз әлі күнге дейін ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан әлемдегі жалғыз ел саналады», – деді Б.Тілеухан.
Семей қаласындағы автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын «СемАЗ» ЖШС еңбек ұжымымен кездесуде штаб мүшелері Елбасының индустриялық-инновациялық даму, Қазақстанды әлемнің дамыған елдері қатарына қосуға мүмкіндік беретін экономиканы жаңа қағидаттарға көшіру жөніндегі бастамаларын жүзеге асыру бойынша алға қойған тапсырмалары туралы баяндады.
Сапар соңында сайлауалды штаб мүшелері Семейдің ардагерлер және патриоттық ұйымдар белсенділерімен кездесіп, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары бағдарламасына, жастарды патриоттық тәрбиелеу, көпұлтты қазақстандық қоғамды еліміздің гүлденуі мен игілігі үшін біріктіру мәселелеріне назар аударды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Семей.